2025 жылғы 1 шілдедегі ақпарат бойынша Қазақстан халқының тұтынушылық және ипотекалық қарызы 22,6 триллион теңгеге жеткен.
Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлап отыр.
1 маусымдағы жағдай бойынша халыққа берілген кредиттер 22,1 триллион теңге болған еді. Демек, бір ай ішінде Қазақстан азаматтары банктерден тағы 500 миллиард теңге несие рәсімдеген.
Халыққа берілген кредиттер 2025 жылғы маусым айында тұтынушылық қарыздардың 2,6%-ға, 15,3 триллион теңгеге дейін және ипотекалық қарыздардың 1,3%-ға, 6,3 триллион теңгеге дейін ұлғаюы нәтижесінде 2,1%-ға өсіп, 22,6 триллион теңге болды, — делінген хабарламада.
Агенттіктің мәліметінше, биыл халықтың несиесі 9,1%-ға артқан. Банктердің несие портфелінің сапасы жоғары деңгейде қалып отыр. Төленбегеніне 90 күннен асқан кредиттерді провизиялармен өтеу деңгейі 65,9% болған.