Басты бетЖаңалықтарАлматыда Конституцияның 30 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті

Алматыда Конституцияның 30 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті

Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Ықпалды Парламент: азаматтардың конституциялық құқықтары» атты дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, құқықтанушылар, сарапшылар мен белсенді жастар қатысты.

Жиын барысында еліміздің даму жолындағы жетістіктер мен өзгерістерге негіз болған Ата Заңның рөлі, құқықтық мемлекетті қалыптастырудағы маңыздылығы, заң үстемдігі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуы және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Медицина ғылымдарының докторы Зәуреш Аманжолова жиын барысында Конституцияның дамуына тоқталып, өз пікірін білдірді: «30 жылда әрине көп істер атқарылды. Конституцияға қаншама өзгерістер енгізілді. Әрине, «көш жүре теңеледі» дейді халқымыз. Адам баласы осы біз қалыптасып келе жатқан кезде қандай бір ерекшеліктер керек, қандай бір өзгерістер керек соны Конституцияға енгізу ол әрине парламент арқылы жасалынатын нәрсе.»

Алматы қалалық Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков Ата Заңның ел дамуына қосқан үлесіне назар аударды: «Ата заңымыздың арқасында біз тұрақты дамуға қол жеткіздік. Азаматтардың әлеуметтік-экономикалық жетістіктері, құқықтары мен бостандықтарының сақталуы — осы Конституцияның негізінде жүзеге асырылуда. Сондықтан, Конституцияның мәні біз үшін өте зор».

Айдар Есенбеков
Айдар Есенбеков

Профессор, Халықаралық информатизация академиясының академигі, Жобаларды басқару институтының мүшесі Алексей Цеховой еліміздің тарихи жолына тоқталып, ойымен бөлісті: «Кеңес Одағының күйреуі секілді аса күрделі саяси үдерісті Қазақстан басқа республикаларға қарағанда әлдеқайда жеңіл өткерді. Біз мемлекеттік егемендігімізді сақтап, нығайттық, Конституция арқылы өзіміздің Қазақстан халқы екенімізді, яғни этностардың жиынтығы емес, біртұтас халық екенімізді саналы түрде түсіндік».

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай Алматы қаласында өткізілетін іс-шаралар қатысушыларға жеткізілді.