Басты бетЖаңалықтарҚостанай облысында бақшасына есірткі өсірген адам ұсталды

Қостанай облысында бақшасына есірткі өсірген адам ұсталды

Қостанай облысында заңсыз есірткі өсімдіктерін өсіру дерегі анықталды. Бұл туралы Қостанай облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы хабарлап отыр.

Жедел іздестіру шаралары барысында Береговое ауылының тұрғыны үйінің ауласында 13 түп есірткілік өсімдікті заңсыз еккені анықталды. Полицейлердің айтуынша, бұл – өзіне тән иісі бар каннабис өсімдіктері.

Тергеу барысында күдікті тұқымдарды интернет арқылы сатып алып, өздігінен өсіргенін мойындаған. Үйін тінту кезінде мынандай заттар табылып, тәркіленді:

  • электронды таразылар;
  • марихуанаға ұқсас өсімдік тектес заттар.

Медициналық сараптама нәтижесі күдіктінің ағзасында каннабиноидтардың бар екенін растады. Ол бұл заттарды тек жеке қолдану үшін сақтағанын айтқанымен, бұл оның қылмыстық жауапкершіліктен босатылуына негіз бола алмайды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Арнайы сараптама тәркіленген заттардың есірткі немесе психотроптық сипатқа ие екенін, олардың салмағы мен құрамын анықтау үшін тағайындалды.

ҚР қылмыстық кодексіне сәйкес, мұндай құқықбұзушылық үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Полиция азаматтарға ескертеді, есірткі заттарын өсіру, сақтау және жеке қолдану – қылмыстық жауапкершілікке әкелетін әрекет, мөлшеріне қарамастан.