Әйгерім Әбіл — балалар дәрігері және нутрициолог. Baribar.kz тілшісі нутрициологтан су ішу әдебін сұрап, білді. Әсіресе, жазда көп шөлдейміз. Салқын су мен ыстық қара шай ішкенді жанымыз қалап тұрады. Дегенмен дәрігер қанша шөлдеп тұрсақ та мұздай су мен қара шай ішпеу керек екенін айтып отыр.

Қандай су ішкен дұрыс?

Әйгерім Әбіл фильтр арқылы тазарған су ішу керек екенін айтып отыр. Ал фильтрден өткізіп ішетіндей жағдай болмаса, суды қайнатып ішуге болады.

Таңертең тұрғанда аш қарынға су ішеміз. Су салқын болмауы керек. Қалыпты жағдайда, температурасы бөлменікімен бірдей немесе одан да жылы болғаны жөн. Ал асқазан-ішек жолдарын емдеп жүрген адам қызуы 40-45 градустағы су ішкені дұрыс. Әдетте, шипажайларда қызуы 22 градус, 36 градус және 42 градус болатын суды қойып қояды. Әркім өзіне қажетін алып ішеді, — дейді дәрігер.

Нутрициолог таңертең ішкен су асқазан-ішек жолын шайып шығатынын айтып отыр. Оған қоса жасушалар түнімен зат алмасу процесіне қатысқандықтан, таңертең су қажет етіп тұрады. Су ас қорытуға қатыспайды, дегенмен асқазан, өт, ішектен ас қорытатын сөл білінуі үшін ағзадаға су мөлшері жеткілікті болуы керек.

Күніне неше стақан су ішу керек?

Ағзамыздың 70-75%-ы судан тұрады. Әр адам салмағына қарай күнделікті суды жеткілікті ішпесе, ағзадағы жасушаларға зиян келеді.

Бір келі үшін 30 миллилитр су ішу керек. Мысалы, адамның салмағы 60 келі болса, күніне 1 800 литр су ішкені дұрыс. Суды күндіз және кешке ішемін деп бөліп аламыз. Күндіз күні бойы ішетін судың 70%-ын ішеміз. Өйткені кешке қарай барлық дерлік ағзаның жұмысы баяулап, демалуға дайындалады. Ағзаға аспен де, сумен де түскен сұйықтың бәрі бүйректе тазарады. Сондықтан кешке суды көп ішіп, бүйректі «қинамаған» дұрыс, — дейді нутрициолог.

Нутрициолог суды стақанға бөліп берді. Дені сау адам таңертең 200 миллилитр стақанмен екі стақан жылы су ішеді. Су ішкен соң кемі 30 минуттан соң (бір сағат өткені тіпті жақсы), таңғы асқа отыруға болады. Таңғы ас сағат 8:00-де дейік. Тамақ ішіп отырғанда суды араластырмайды. Тамақ ішіп бола сала да су ішуге болмайды. Ас асқазанға түскеннен кейін 1-1,5 сағаттан соң, яғни сағат 9:30-10:00-де бір немесе екі стақан су ішуге болады.

Сағат 11:00-де бір стақан су ішеді. Содан кейін 12:00-де тағы бір стақан су керек. Бұл судан соң сағат 13:00-де түскі асқа отырады. Сағат 14:30-дарда бір стақан су ішуге болады. Содан кейінгі бір стақан су ішетін мезгіл — сағат 16:00. Кешкі ас сағат 18:00-де болса, сағат 19:30-да бір стақан су ішіп, сонымен бір күнгі су ішу нормасын аяқтау керек.

Әйгерім Әбіл
Әйгерім Әбіл. Фото жеке архивінен ұсынылды

Асқазан — өте қышқыл орта. Сол қышқылдық асты қорытады. Ал тамақпен бірге су, шай ішсек, асқазанның қышқылын азайтып жібереміз әрі асқазанға механикалық зақым келеді. Асқазанның көлемі — жарты литр ғана. Оған бір порция тамақ түседі. Тамақпен қоса шай мен сусын түссе, асқазан созылып кетеді. Салдарынан асқазан жасушаларының қызметі бұзылады да, сөл бөлуі қиындайды, — дейді маман.

Судың аллергияға қандай қатысы бар?

Дәрігер асқа су мен шайды араластырғаннан ағзалардың функциясы бұзылатынын айтып отыр. «Ауру астан» деген сөз бекер емес.

Асқазандағы сөл құрамы бұзылса, ас дұрыс қорытылмаған күйі ішекке өтеді. Ішек ұсақталмай, ірі болып келген асты бөгде дене деп «біледі». Сөйтіп, ағза «бөгде денеге» қарсы антигендер мен антиденелер түзеді де, иммундық кешен пайда болады. Иммундық кешен құрылса, ағзада аутоиммунды аурулар басталады, яғни ағза өзін-өзі құрта береді. Мұндай аурулардың қатарында аллергия да бар. Аллергиясы бар адамдардың асқазан-ішек жолы дұрыс емес деген сөз. Демек, олар тамақ пен судың сапасына мән бермейді және су ішу әдебін сақтамайды, — дейді Әйгерім Әбіл.

Маман су ішу әдебі сақталса, асқазан қышқылының сапасы нашарламайтынын айтып отыр. Асқазан қышқылы жеген асты ақуыз, көмірсу, май сияқты  пайдалы заттарға ыдыратады. Асқазанның жалғасы он екі елі ішекке өт пен ұйқыбезден сөл тамады да, бұл ішек те ас қорытуға қатысады. Содан кейін ас аш ішек, тоқ ішектен өтеді. Бұл ішектер ас құрамындағы дәрумендерді, макро және микронутриенттерді сіңіреді. Қажет емесін тоқ ішектің соңы тік ішек арқылы сыртқа шығарып жібереді.

Осы процестің бәрі дұрыс жүрсе, адамның бойындағы дәрумен толық бола бастайды. Буын, сүйек сырқырап ауырғаны басылады. Қаназдық емделеді.

Әйгерім Әбіл
Әйгерім Әбіл. Фото жеке архивінен ұсынылды

Салқын су ішуге бола ма?

Дәрігердің айтуынша, салқын су ағзаға өте зиян. Газды суды, энергетик сусынды салқындатып ішіңіз дейтін жарнамалар адамның эмоциясына ықпал етеді.

Дененің сыртқы температурасы — 36-37 градус. Ал ішкі органдардың температурасы — 37-42 градус аралығында. Демек, ағза 42 градусқа дейінгі ыстық суды іше алады, күйіп қалмайды. Ал сондай жоғары температурасы бар ағзаға салқын суды құйып жіберсе, ағзаның бұлшықеті жиырылып қалады. Мысалы, асқазан-ішектің бұлшықеті жиырылып қалса, ішекке қоректік зат беретін қантамырлары да жиырылып қалып, ішектің өзінің қан айналым процесі бұзылады, — дейді Әйгерім Әбіл.

Нутрициолог салқын су бәрібір шөл қандырмайды дейді. Шөлді қызуы бөлме температурасымен бірдей су басады.

Ыстық шай шөл қандыра ма?

Шай қайнады делік. Демек, оның қызуы — 100 градус. Кесеге құйдық, қызуы 70 градусқа түсті. Адам кесені қолына алған соң, бірден ішіп жібермей, суығанын күту керек. Сөйтіп, 40 градусқа түскенде ішуге болады. Сонда шөл қанады, — дейді маман.

Қазақ қара шай мен сүт қатқан шайға үйір. Дәрігер дәл қара шайды ішпеу керек дейді.

Боялса да, табиғи болса да, қызыл шайды ішуге болмайды. Қызыл шайдың құрамында танин деген зат бар. Танин тамақпен түскен дәрумендерді бойына сіңіріп алады да, ағзадан шығып кетеді. Әсіресе, дәрумен ішіп жүрген адам, қаны аз адам қызыл шай мен кофе ішпеуі керек, — дейді Әйгерім Әбіл.

Шөп шайды, ағза тазартатын шайды, түймедақ, итмұрын шайын ішкен абзал. Мұндай табиғи шайларды экомаркеттерден алуға болады.

***

Халқымыз күннің аптабында қандай сусындар ішкен?