Басты бетЖаңалықтарҚытайдан Қазақстанға 10,2 миллиард текше метр су келді

Қытайдан Қазақстанға 10,2 миллиард текше метр су келді

2025 жылдың бірінші жартысында Қытайдан Қазақстанға 10,2 миллиард текше метр су келді. Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлап отыр.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл алғашқы алты айда Қытайдан Қазақстанға Ертіс өзені арқылы 4,6 миллиард текше метр және Іле өзені арқылы 5,6 миллиард текше метр су келді.

Іле өзені арқылы келген су екінші жыл қатарынан Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасын 100% толтыруға мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде Балқаш көліне 8,52 миллиард текше метр су жіберуге мүмкіндік берді, — делінген хабарламада.

Нәтижесінде 2025 жылдың басынан бері Балқаш деңгейі орта есеппен 32 см-ге, яғни Балтық жүйесі бойынша 341,55 метрден 341,87 метрге дейін өсті.

ҚХР-мен ынтымақтастық тек трансшекаралық өзендерді ғана қамтымайды. Биыл наурыз айында Қазақстан мен Қытайдың су ведомстволары алғаш рет өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, — деді Су ресурстары және ирригация министрлігі Қытай және Ресеймен су саласындағы ынтымақтастығы басқармасы басшысы Нағима Әжіғұлова.