Ел аумағында адам саудасына байланысты қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен Астана қаласы және СҚО-да екі қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды.
Бұл туралы Polisia.kz. хабарлап отыр.
Қылмыскерлер интернет-ресурстар арқылы жыныстық қанауға қатысты заңсыз қызмет түрлерін жарнамалап, жүргізіп отырған. Олар миллиардтап пайда тапқан. Қылмыстық топтың күнделікті табысы 1,5 миллион теңгеге дейін жеткен, ал 2024 жылдың басынан бері қаржы айналымы 1,7 миллиард теңгеден асады, — делінген хабарламада.
Тінту барысында ақша, банк карталары, автокөліктер, компьютерлер, ұялы телефондар және басқа да цифрлық ақпарат тасымалдағыштар тәркіленді.
Негізгі фигуранттар мен олардың сыбайластары қамауға алынды. Қылмыстық кодекстің адам саудасы мен ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оған қатысу баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл баптарда 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу түріндегі жаза қарастырылған, — дейді полиция.