Мәншүк Шөкенова 32 жылдан бері бастауыш кластарға сабақ беріп келе жатыр. Мұғалім білім саласындағы реформалар мамандарға қалай әсер етіп жатқанын айтып берді.
Әсіресе, мектепке дейінгі және орта білім беру жүйесіндегі өзгеріс жай қағаз жүзінде емес, кластағы жұмыстарымызға тікелей әсер етіп отыр, — дейді мұғалім.
Оның айтуынша, кейінгі реформалардың бірі – балаларды бес жастан бастап мектепке даярлау міндеті. Мұғалім бұл шешімді құптайды.

Мектепалды даярлықтан өткен бала алғашқы күннен-ақ байқалып тұрады. Олар өзін сенімді ұстайды. Оқуға, тәртіпке, қарым-қатынасқа бейім. Биыл 1-класқа келгендерден бұл айырмашылықты бірден байқауға болады. Бірі әріп таниды, екіншісі жеңіл есептер шығарады, сөйлем құрауға тырысады. Даярлықсыз келген бала сәл артта қалады. Олармен қосымша жұмыс істеуі қажет, — дейді Мәншүк Шөкенова.
Мұғалім орта білім жүйесіндегі өзгерістерге де тоқталды. Ол жаңартылған мазмұн бойынша оқытудың артықшылығы бар екенін айтып отыр.
Бұрын дайын ақпаратты беріп, жаттататынбыз. Қазір балалар ойлайды, салыстырады, пікір айтады. Мысалы, әдебиеттік оқуда кейіпкерге баға беріп, өмірмен байланыстыру сияқты тапсырамалар орындатамыз. Бұл тәсіл қызығырақ әрі пайдалы, — дейді маман.

Мәншүк Шөкенова цифрлық құралдардың да маңызын айтып өтті. Сабақта BilimLand платформасын, Quizizz, Kahoot сияқты бағалау ресурстарын қолданып жүр.
Оқушылар цифрлық құралдар арқылы тапсырманы ойын сияқты қабылдайды. Қызығып, белсенді жұмыс істейді. Соның бірі саусақпен басып ойнайтын интерактив ойыны Wordwall-ды айтып өтейін. Мұны ойнау үшін интернет қажет емес. Тек интерактив тақта немесе ноутбук, компьютер болса болды, — дейді педагог.
Мұғалім реформаларды тек тапсырма ретінде емес, үлкен жауапкершілік деп қабылдайтынын айтады. Оның пікірінше, мұғалім – орындаушы емес, болашаққа әсер ететін ықпалды тұлға.