Білім беру жүйесіндегі реформалар, оқу бағдарламасын жетілдіру, цифрлық құралдар енгізу – бәрі «Бала не үйренеді?» «Қалай үйренеді?» деген мазмұнға тікелей қатысты. Ал мұғалім мәртебесі – процестің негізгі тірегі.
Мәншүк Шөкенова – кәсібіне адалдықпен қарап, әр оқушысының жүрегіне жол тапқан ұстаз. Алматыдағы №146 мектеп-лицейде және №198 мектеп-гимназияда 33 жылдан бері бастауыш кластарды оқытып келеді. Оның айтуынша, бастауыш сыныпқа білім беру – қиын да, қадірлі міндет.

Бастауыш класс оқушыларымен жұмыс істеу білім берумен ғана шектелмейді. Баланы сөйлету, ойын жеткізе білуге үйрету, айналасын танып білуге, талдау жасауға баулу – мұның бәрі осы кезеңде қалыптасады. Ақ парақтай болып келген балаға оңы мен солын көрсетеміз. Жұмысымыздың мәні де, жауапкершілігі де осында, – дейді Мәншүк Шөкенова.

Мәншүк Шөкенова
Мәншүк Шөкенова. Фото жеке архивінен алынды

Мұғалім білім саласындағы өзгерістерді құптайды. Оның айтуынша, бұрынғы жүйе бастауышқа терең білім беруге жеткіліксіз еді. Қазір бұл кезеңге ерекше мән беріліп отыр.

Бастауыш класс – оқушы тұлғасының қарқынды дамитын, қайталанбас кезеңі. Қазіргі жүйеде осыны ескеріп, терең білім беру қолға алынғанына қуанамыз. Жаңа бағдарламаға сай жұмыс істеу үшін мұғалім талмай, дамыл таппай еңбектенуі керек. Қазіргі жұмыстың күрделенуі сапаның артуына бағытталған. Бұрынғыға қарағанда жұмысымыз әлдеқайда ауырлады, бірақ бұл да қажет, – дейді тәжірибелі педагог.

Оның айтуынша, баланың бойындағы мүмкіндікті ашу үшін мақсатты, жүйелі жұмыс керек.

Алдыма бала келіп отырғанда, көзімен маған бір сұрақ қойып отырады. Олардың жанарынан «Бүгін не үйренемін?» деген сұрақты оқимын. Сұрағына жауап беріп, оның бір күнін босқа өткізбей, бірдеңе болсын үйреніп кеткенін көрсем, мен үшін шабыт та, нәтиже де – сол, – дейді Мәншүк Шөкенова.