Басты бетЖаңалықтарБҚО-да «Қоғам үні: еңбек адамы және аймақтық даму» атты XII Азаматтық форумы...

БҚО-да «Қоғам үні: еңбек адамы және аймақтық даму» атты XII Азаматтық форумы өтті

Бүгін Оралда «Қоғам үні: еңбек адамы және аймақтық даму» атты XII Азаматтық форумы өтті. Бұл туралы БҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Бұл форум – өңірдің азаматтық қоғамының жетістіктерін қорытындылап, өзекті мәселелерді шешуге бағытталған бастамаларға жол ашатын маңызды алаң. Форум аясында азаматтық сектордың аймақтық дамудағы рөлі, мемлекеттік құрылымдармен тиімді серіктестік орнату жолдары мен әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру тәжірибелері талқыланды. Қатысушылар қатарында мемлекеттік органдардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар мен қоғам белсенділері болды, — делінген хабарламада.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде:

Азаматтық сектор реформаларды жүргізу және қоғамды дамыту ісінде маңызды рөл атқарады. Мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың серіктестігі өзекті мәселелерді шешуге, жасампаз құндылықтарды дәріптеуге және ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға ықпал етеді, – деген болатын. Бұл сөздер бүгінгі форумда көтерілген мәселелермен үндесіп жатыр.

БҚО
Фото: БҚО әкімдігі

Әкімдіктің мәліметінше, Батыс Қазақстан облысында азаматтық сектор орнықты жүйеге айналып келеді. Өңірде ресми тіркелген 678 үкіметтік емес ұйымның шамамен 100-і белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Облыс көлемінде сонымен қатар жеті саяси партияның филиалы, 54 этномәдени бірлестік және 14 қоғамдық кеңес бар.

Азаматтық ресурстық орталығы облыстағы үкіметтік емес ұйымдарға консультативтік және әдістемелік көмек көрсетіп келеді. Кейінгі екі жылда орталық 350-ден астам кеңес өткізді. Биыл өңірлік ұйымдарға арналған тәжірибе алмасу мақсатындағы «стади-турлар» ұйымдастыру жоспарланған.

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі де айтарлықтай артты. Әлеуметтік жобаларды іске асыруға 160 жоба енгізілген. Бұл бағытта төрт басқарма, Орал қаласы және 12 аудан әкімдіктері белсенді жұмыс жасап жатыр, — делінген хабарламада.

Форумда айтылғандай, үкіметтік емес ұйымдар – бұл қоғамның ар-ожданы мен азаматтық санасының айнасы. Олар билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналып отыр. Облыс орталығынан бөлек, ауылдық жерлердегі мәселелерді де шешуде осы ұйымдардың белсендігі жоғары.