ҚР төтенше жағдайлар министрлігі Отар елді мекені аумағында байланыс үзілген әуе қорғаныс күштерінің тікұшағына қатысты оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша іздестіру-құтқару жұмыстарын тәулік бойы жалғастырып жатыр.
Төтенше жағдайлар министрлігінің Командалық орталығында жүргізілген ғарыштық мониторинг барысында Алматы облысындағы Сорбұлақ көлінің акваториясында майлы дақтың болуы мүмкін екендігі анықталды.
ТЖМ құтқарушылар тобы шұғыл түрде аталған аймаққа шықты. Іздеу жұмыстары түнгі уақытта да жалғасты. Жұмыс барысында Қорғаныс министрлігіне тиесілі болуы мүмкін әуе кемесінің фрагменттері табылды, — делінген ақпаратта.
Оқиға орнында ТЖМ құтқарушылары жұмыс істеуде. Эхолоттар, ұшқышсыз ұшу аппараттары және суасты дрондары сияқты арнайы жабдықтар пайдаланып жатыр.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына жеке құрамнан 200-ге жуық адам, 40 бірлік техника, 15 су көлігі, төрт кинологиялық есептоп және екі ТЖМ әуе кемесі тартылған.
Айта кетейік, бұған дейін Отар маңында тікұшақты іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқан болатын.