
Қазір кей мекемелер ЖИ-оператор қызметін қолдана бастады. ЖИ тағы қай мамандардың орнын басуы мүмкін? Рекрутер Рената Нуреева айтып берді.
ЖИ және жаңа жұмыс орындары
Рената Нуреева ЖИ қолданысқа енгелі қызметкерлердің өнімділігі артқанын айтып отыр.
Адамдар қазір ұсақ-түйек «қара жұмысты» ЖИ арқылы шешетін болды. Бұл қызметкерге маңызды әрі күрделі жұмыстарға, шығармашыл қабілет қажет істерге уақыт қалдыруға мүмкіндік береді. Алайда автоматтандыру әсіре дамып кетсе, дәстүрлі жұмыс орны жойылуы мүмкін, – дейді ол.
ЖИ кімдердің орнын басады?
Маман әуелі автоматтандыруға бейім секторларға қауіп төнетінін айтты. ЖИ қазірдің өзінде біраз маманның орнын басып отыр.
Бірінші кезекте call-орталық операторын атауға болады. Қазір чат-боттар мен дыбыстық көмекшілер клиент өтінішін талдап, соған сай ақпарат беріп, қарапайым мәселені шеше алады. Бұл операторға сұранысты азайтады. ЖИ бухгалтерлердің/есеп және аудит мамандардың да орнын баса алады. ЖИ-кіріктірілген деректі талдап, есеп әзірлейтін онлайн жүйе жұмысты адамнан да жылдам атқарады, – дейді рекрутер.
Автономды транспорт дамыса, такси мен жүк көлігін жүргізетін мамандарға сұраныс азаяды. IT мамандар диагноз қоя алатын машиналар әзірлеп жатыр. Демек, ЖИ медицина саласына да енеді. ЖИ келісімшарт әзірлеп, сот ісін дайындауға көмектесуге де жарап тұр.
Қай мамандарға сұраныс артады?
Рената Нуреева алдағы бес жылда сұранысы көп болатын мамандарды тізіп берді.
ЖИ нарыққа енгелі бағдарламалау, көлемді деректі талдау және технология саласындағы ірі жобаларды басқару бойынша жаңа жұмыс орындары ашылды. Болашақта ЖИ рөлі арта түсері анық. Сондықтан технологияны қолдану бойынша этика маманы керек болады. ЖИ оқытатын инженер маманына, ЖИ және дизайн саласына, көлемді дерекпен жұмыс істейтін маманға сұраныс артуы мүмкін, – дейді рекрутер.
Жасанды интеллект орнын баса алмайтын мамандар
ЖИ қанша дамыса да, адамды алмастыра алмайтын салалар бар.
Шығармашыл қызметкерлер бірегей маман күйі қалады. Себебі бұл мамандықтар эмоциялық ізденісті қажет етеді. ЖИ психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерді де алмастыра алмайды. Бұл салада адам жанын түсіну керек. Мұны машинаға үйрету мүмкін емес.
Маман адамның кәсіби қабілеті қашан да мықты негіз, ал жаңа технология сол қабілетті тиімді қолдануға арналған таптырмас құрал дейді.