Алматының патрульдік полиция қызметкерлері әйелге қызметтік көлікте босануға көмектесті. Бұл туралы қалалық ПД хабарлап отыр.
ПД мәліметінше, кезекшілік барысында Данияр Сағынбаев пен Бекжан Әлкен отырған патрульдік экипажға әйел көмек сұрап жүгінген. Тәртіп сақшылары жедел жәрдем көлігін күтпей жүкті әйелді қызметтік көлікке отырғызып, жақын маңдағы перзентханаға қарай бет алған. Алайда жолда толғақ күшейіп, олар медициналық мекемеге жетіп үлгермеген.
Жағдайды бағалаған полицейлер өз бетімен әрекет ету туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде патрульдік көліктің ішінде ұл бала дүниеге келді. Осыдан кейін ана мен жаңа туған нәресте келген дәрігерлерге тапсырылды, — делінген хабарламада.
Алматы полициясы ана мен баланың жағдайы жақсы екенін атап өтті.