Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында EcoQala Fest фестивалі жалғасып жатыр.
Бұл туралы басқарманың баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Фестиваль экологиялық керуен форматында өткізіліп, арнайы безендірілген көлік тұрғын үй аулаларын аралайды. Волонтерлер тұрғындарды сенбіліктерге қатысуға шақырып, экологиялық викториналар мен музыкалық сүйемелдеумен өтетін би флешмобтарын ұйымдастырады.
Фестивальдің кезекті кезеңі Медеу ауданында өтті. Бұған дейін аталмыш шаралар Наурызбай, Алатау, Алмалы және Әуезов аудандарында ұйымдастырылған болатын. Аталған жоба қаланың барлық ауданын қамтып, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруды көздейді.

Біз осындай креативті тәсілдер арқылы жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, экологиялық сананы дамытып, олардың қоғамға пайдалы бастамаларға белсенді қатысуға шақырамыз, – деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.
Іс-шараға қаланың белсенді жастары, волонтерлер, эко рейнджерлер және комьюнити орталықтардың резиденттері қатысты. Фестиваль экологиялық бастамаларға бейжай қарамайтын азаматтарды біріктіріп, мегаполистің тазалығына үлес қосуға мүмкіндік беріп жатыр.

EcoQala Fest – мен үшін тек сенбілікке қатысу ғана емес, айналамдағы адамдарды табиғатқа жауапкершілікпен қарауға ынталандырудың жолы. Көп тұрғындар қызығушылық танытып, викторинаға қатысып, жақсы көңіл-күймен тарқайды. Бұл – біз дұрыс бағытта келе жатқанымыздың белгісі, – деді фестивальге қатысқан волонтер Шашубай Мәди.
Айта кетейік, аталған фестиваль қала аумағында тұрақты түрде өткізіледі.