Тамыз – Қазақстан халқы үшін тарихи мәні терең, кәсіби және мәдени мерекелерге толы ай. Бұл айда бірқатар маңызды күн аталып өтеді. Мемлекет дамуына үлес қосқан мамандар мен ұлттық құндылықтарға ерекше мән беріледі. Baribar.kz атаулы күндер тізімін ұсынады.
10 тамыз – Абай күні. Ұлы ақын, философ Абай Құнанбайұлының дүниеге келгеніне биыл 180 жыл толады. Бұл атаулы күн халықтың әдеби-мәдени санасын жаңғыртып, Абайдың мұрасын насихаттауға бағытталған.
10 тамыз — Құрылысшылар күні (тамыздың екінші жексенбісі). Құрылысшы мамандар арқасында халық игіліне бағытталған әлеуметтік маңызды және ең батыл ірі жобалар жүзеге асады. Бұл күн осы мамандық иелеріне құрмет білдіруге арналады.
17 тамыз — Спорт күні (тамыздың үшінші жексенбісі). Бұл мереке елде спортты дамытуға, халықты спортпен шұғылдануға ынталандыруға бағытталады.
18 тамыз – Шекарашылар күні. 1992 жылғы 18 тамызда бұрынғы президент «Шекара әскерлерін құру туралы» жарлыққа қол қойды. Айтулы күн Қазақстанның мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне 2012 жылғы 29 тамызда енді.
29 тамыз — Семей полигоны жабылғанына 34 жыл болады. БҰҰ 2009 жылы бұл күнді Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн ретінде белгілеген.
30 тамыз – Конституция күні. Еліміздің құқықтық негізін қалаған, тәуелсіздік пен тұрақтылықтың символына айналған маңызды мемлекеттік мереке.
31 тамыз – Кеншілер мен мұнай-газ саласы қызметкерлерінің күні (тамыздың соңғы жексенбісі). Бұл күн энергетика мен өндірісте аянбай тер төгіп жүрген жандарға арналған.