
Алматыда қатарынан екінші жыл Alternativa негізін қалаған inDrive компаниясының қолдауымен Alternativa Film Days өтеді. Жоба орбитасындағы ең жарқын фильмдер көрсетіліп, солардың төңірегінде импакт-пікірталастар өрбиді.
Бұл маусымның бағдарламасына Азия мен Латын Америкасынан шыққан 27 фильм — Джокьякартада (Индонезия) өткен Alternativa Film Festival 2024 фильмдері, Alternativa Film Labs кинолабораторияларына қатысушылардың туындылары мен Alternativa халықаралық серіктестерінің фильмдері қосылды. Alternativa Film Days киноны өнер ғана демей, дүниені өзгертіп, жақсарту амалы деп те танитын авторлар мен көрермендердің басын қосып келеді. Фильмдерді көріп, олардың өзегі болған тақырыптарды талқылау — мәселенің өзін түйсінуден оның шешімін табар әрекетке бастар үлкен жолдағы алғашқы қадам. Alternativa Film Days 2025 сеанстары 14–21 тамыз аралығында екі алаңда — АRТиШОК театры мен Almaty Creative Hub сахнасында өтпек. Бағдарлама сеанстарының бәріне кіру тегін, тек тіркелу керек.
Alternativa басшысы Лиза Сурганова Alternativa Film Days жайында былай дейді:
Alternativa жобасы Орталық Азияда, Қазақстанда басталған. Қазір әлемнің өзге бөліктеріне қанат жайып келе жатқанымызбен, командамыз осы аймақта әрі осы елде қарқынды жұмыс істеп жатыр. Соның бір жарқын үлгісі — биыл Алматыға ауқымы кеңейіп, қауаттырақ, сан қырлы болып оралған Alternativa Film Days. Бұл жолы біз көрсететін фильмдер титр шыққанда бітіп қалмай, қоғамдағы диалогқа, нақты өзгерістерге ұлассын деп отырмыз.
Алматыда Alternativa ұсынған әлеуметтік маңызы бар фильмдер көрсетілімдері алғаш рет 2024 жылы өтіп, 15 сеансқа 1500-ден астам көрермен жиналған. Биыл жобаның ауқымы айрықша кеңейіп, фильмдер де, сеанстар мен пікірталастар да көбейген, оған жаңа форматтар — мастер-класстар, паблик-токтар және көрермендердің әлеуметтік өзгерістерге тікелей қатысуы мүмкіндігі қосылған. Alternativa Film Days 2025 бағдарламасында толық және қысқа метрлі ойын, деректі және анимациялық фильмдер бар. Олардың көбі — Alternativa Film Festival 2024 ақтық сынына жолдама алып, фестивальден жүлде иеленген картиналар: Үндістан, Непал, Бангладеш, Индонезия, Иран, Қазақстан (Айжан Қасымбектің «Мәдинасы») мен Қырғызстаннан (Дальмира Тилепбергеннің «Сыйы») шыққан авторлардың туындылары. Сонымен қатар фестиваль командасы Alternativa кинолабораторияларына қатысушылардың да фильмдерін — Alternativa Development Lab 2023 түлегі, қазақстандық режиссер Жанана Құрмашеваның «Атамекен» деректі фильмі мен Ташкентте өткен Alternativa Teen Lab 2024 түлектері түсірген қысқа метрлі фильмдерді ұсынып отыр. Бағдарлама аясында Alternativa жаңа фокус аймағы — Латын Америкасынан — Мексикадан және Alternativa Film Festival 2026 өткелі отырған Колумбиядан шыққан авторлардың да туындылары көрсетілмек.

Alternativa жобасының импакт-дистрибуция менеджері Маша Щербакова Alternativa Film Days миссиясы туралы былай дейді:
Былтыр Алматыда алғаш өткен Alternativa фильмдерінің ашық көрсетілімдерінде көрерменге бізден алыста, Непал тауларында немесе Филиппинде болған оқиғалар қалай әсер еткеніне таңғалдым. Залда отырғандар сол оқиғалардан өзіне таныс, жақын әлденені көргендей, өйткені ол елдер қанша алыс болса да, әділетті аңсау, өзінікін қорғау, жақсы өмірге ұмтылу сынды сезімдер баршаға ортақ емес пе. Биыл бүкіл дүниежүзінен жиналған батыл да шынайы әңгімелерді көрсетіп, оларды активистермен және күнде жанымызда, өзгеріс жолында күресіп жүрген батырлармен бірге талқылаймыз. Сондай-ақ қайырым қаражатын беремін, волонтер боламын, маңызды ақпаратты таратамые деген көрерменге де үлес қосуға мүмкіндік бермекпіз. Alternativa Film Days — қарапайым көрермен, бизнес, медиа мен ҮЕҰ өкілдерінің басын қосып, жан-жағына бей-жай қарай алмайтын жандар қауымдастығын құрсақ деген талпынысымыз. Өйткені кино экрандағы әңгіменің бір бөлігі ғана емес, шынайы өзгерістердің басы да бола алады.
Көрермендерге ыңғайлы болсын деп, Alternativa Film Days бағдарламасы заманның ең өзекті мәселелеріне үн қататын бөлімдерге бөлінген. «Әйел» бөлімі кинода қаттырақ шыға бастаған әйел үндерін естіртеді. «БейБалалық әңгімелерінде» фильмдердің авторлары да, кейіпкерлері де – мына әлемді де, өз-өзін де сынға шақырған балалар мен жасөспірімдер. «Welcome Home» бөлімінде үй ұғымы – жылу сыйлар жайлы ошақ қана емес, қорғап, қолдау керек болатын мекен, нақты бір орын ретінде де көрінеді.
Alternativa Film Days сеанстарының бірқатарына импакт-пікірталастар ілесе жүрмек. Оларда түрлі салалалардан 35-тен астам эксперт: құқық қорғаушылар мен журналистерден экологтар мен психологтарға дейін қатысады. Олар фильмдерде көрсетілетін мәселелерді Қазақстан мен Орталық Азиядағы өмір шындығына қатыстыра қарастырып, көрермендермен бірлесіп солардың шешімін табу жолында кім не істей алатынын талқылайды.
Кино — жалпақ бұқараға ортақ, ықпалды өнер түрі. Ол миллиондаған адамның күнделікті өміріне оңай еніп, олармен эмоция, визуал және мәдениет тілінде сөйлеседі. Сондықтан киноның көмегіне жүгініп әңгіме айтып қана қоймай, қоғам санасын қалыптастыруға да, маңызды, күрделі тақырыптарды сөз қылуға да, жұрттың эмпатиясы мен түйсігіне түрткі салуға да болады. Экрандағы образдар арқылы жұрт шындықтың кеңірек бейнесін көреді, әділетсіздікті байқайды әрі, бәлкім, бірдеңені өзгертуге ниетті де болар, — дейді журналист, сценарист әрі Alternativa Film Days спикері Әсем Жәпішева.
Alternativa Film Days аясында сондай-ақ Alternativa тағы бір бастамасы — Орталық Азиядан шыққан кинопродюсерлер мен активистерге арнап 2025 жылғы күзде өткелі отырған Impact Distribution Lab кинолабораториясына байланысты кинодағы импакт туралы паблик-токтар сериясы өтеді. Паблик-токтар әсіресе кинолабораторияның ықтимал қатысушылары мен серіктестеріне — киноиндустрия өкілдеріне, киноны әлеуметтік өзгерістер құралы деп танып, істес болуға ниетті әлеуметтік жобалар, ҮЕҰ мен бизнес өкілдеріне қызық болмақ. Impact Distribution Lab кинолабораториясына қатысамын деушілерден өтінім қабылдау басталып кетті және 30 қыркүйекке дейін жалғасады, ал лаборатория шымылдығын ашатын импакт-дистрибуция онлайн-курсын ниет білдіргендердің бәрі тегін өте алады. Көбірек ақпарат алып, өтінім беремін десеңіз, Impact Distribution Lab парақшасына өтіңіз.

Alternativa Film Days жаңа форматы — әлеуметтік өзгерістерге төтеден қатысу мүмкіндігі. Импакт-серіктестер, қазақстандық үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, Alternativa командасы көрермендерге фильмдерде сөз болатын проблемаға эмоция жағынан ғана қосылып қоймай, жағдайды дәл қазір жақсыға қарай өзгерту жолында нақты әрекетке көшуді ұсынады. Фестиваль бағдарламасына қосылған мексикалық «Үнсіздік мекені» фильмі өз ісіне адал берілген журналистер көріп отырған киындықтарға арналады, солардың бірі — дүниені дезинформация мен фейк-жаңалықтар жаулап бара жатқаны. Қазақстандағы тәуелсіз фактчек ресурсы — Factcheck.kz БАҚ пен әлеуметтік желілердегі ақпаратқа сын тұрғысынан қарауды үйретеді. Жоба командасы көрермендерге өздерінің фактілерді тексеру тәсілдерін көрсетіп, медиасауатты үйрететін онлайн-құралдарды көрсетіп, қосып береді. Ал Қарағандыдағы тәуелсіз экологтар ұйымы — ЭкоМузеймен бірлескен жобаға Семей ядролық полигоны аймағында тұратын адамдардың өмірі туралы «Атамекен» фильмі сеп болды. Өндірістің кесірінен қоршаған орта ластануын кәсіби тұрғыда зерттеп жүрген ЭкоМузей Қазақстандағы ядролық сынақтардың тарихына арналған онлайн-курсты тегін өтуге мүмкіндік беріп, оған насихатшы болуды және экологиялық әділет пен зиян шеккендерді қолдау жолында күресіп жүргендерге көмектесуді ұсынады.
Alternativa Film Days 2025 серіктестері
Техникалық серіктесі — Panasonic Kazakhstan
Алаңдар — театр АRТиШОК, Almaty Creative Hub
Импакт-серіктестер — Factcheck.kz, ЭкоМузей (Қарағанды облыстық экология музейі)
ARTиШОК театрының басқарушы директоры Анастасия Тарасова Alternativa Film Days-пен серіктестігіне баға бере отырып, былай деді:
Осы күзде ARTиШОК театры мерейтойлық 25-маусымын ашқалы отыр. Осы ұзақ жолда Қазақстанның заманауи театр өнерін дамыту бағытында жұмыс істеп отырған толыққанды, тәуелсіз мәдени институция қалыптасты. Жаңа маусымға деп команда тамаша бағдарлама әзірлеп отыр: халықаралық жобалар, керемет қонақтар қатысатын іс-шаралар өтпек. Сондай іс-шараның біріншісі – Үлкен сахнада Alternativa Film Days сеанстары көрсетіледі. ARTиШОК пен Alternativa екеуінің құндылықтары, аудиториясы, бізге мәнді нәрселер мен уақыттың сынағы ортақ. Көрсетілімдер аясында біздің алаңда жасөспірімдерге арналған киноның сахналау шеберлігіне өте ұқсас өнер — заманауи драматургия лабораториясы өтпек. Тамыздың басында 12-16 жастағы қатысушылардан өтінім қабылдай бастаймыз да, фестиваль барысында оларға пьеса жазуды үйретіп, финалда бәріне ортақ ашық оқылым жасамақпыз.
Alternativa Film Days толық бағдарламасын Alternativa сайтынан көруге болады: link. Сеанстарға тіркелу ашылды.
Alternativa Film Days материалдарының — фотолар мен логотиптер де — мына сілтемеде. Қосымша ақпарат аламын десеңіз, бізге хабарласыңыз: [email protected].