
Қазақ қоғамында «ұят» – терең тамырлы мәдени ұғым, ал толеранттық – жаһандық құндылық. Біз қай кезде өзгенің таңдауын құрметтеуіміз керек, ал қай кезде «бұл біздің болмысымызға жат» деп айтуға болады? Мәдениеттанушы Жанар Таңсық ұят пен толеранттық түйіскен, бірақ шекарасы болуы керек тұстарын айтып берді.
Ұят – рухани құндылық. Ал толеранттық — өзгелердің сенімін, ой-пікірін, өмір салтын қабылдау. Екеуін тең ұстау үшін адамның ойын ашық айтуға, таңдауға мүмкіндігі болуы керек. Сонда ғана ұят пен толеранттық бірін-бірі толықтырады, – дейді мәдениеттанушы.
Жанар Таңсықтың айтуынша, толеранттық барлығына ашық болуды білдіргенімен, ұлттық болмысты қорғау да маңызды. Әсіресе, мәдениет, салт-дәстүр, тіл секілді ұлттың өзегіне айналған құндылықтар сөз болғанда тепе-теңдікті бұзып алмау керек.
Ұлттық мәдениетке қатысты пікір алмасып жатқанда толеранттық қағидатын шегімен қолдануымыз керек. Ұлттық болмысымызды төмендету арқылы толеранттық бағытын әсіре сілтеп жіберсек, түрлі мәдениеттің (қазақ-жапон, қазақ-америкалық, қазақ-түрік) араласуы нәтижесінде ұлттық негізден алшақ «кірме болмысты» ұрпақ қалыптасуы ықтимал. Сол себепті ұятты бұл тұрғыдан жоғары қоямыз, – дейді ол.
Осы тұста «Ұяттың қай формасын сақтау керек, ал қандай кезде толеранттыққа басымдық береміз?» деген сұрақ туындайды. Жанар Таңсықтын айтуынша, «ұят» ұғымы әлеуметтік қысымға айналғанда өз мәнінен алыстайды.
«Ел не дейді?» деген сияқты түсінік – той-томалақ деңгейіндегі тобырлық санаға тән ұят. Мәселен, қазіргі той индустриясының қарқынды дамуы – соның бір көрінісі. Бұл дәстүрді атқармағанға “ұят болады” деу – таза әлеуметтік қысым. Осындай жалаң, үстірт түсініктерден арылсақ, елдік санаға, ұлт деңгейіндегі ойлау жүйесіне жетеміз. Бұл – салауатты әрі сауатты қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам, – дейді мәдениеттанушы.
Жанар Таңсық ішкі жауапкершілікке негізделген ұяттың формасы сақталуға тиіс дейді. Демек, біреудің намысына тимейтін, ұлттың болашағына зиян келтірмейтін және әр адам өзіне жауапкершілік ала алатындай түсінікте болғаны жөн.
Жазира Бекболат