2025 жылы Қазақстан ақын, философ, сазгер әрі реформатор Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойын атап өтеді. Оның есімі оқулықтар мен кітаптарда ғана жүрген жоқ. Атын ұлы ақынның құрметіне қойған мыңдаған адам бар. Baribar.kz Қазақстанда Абай деген қанша азамат бар екенін, олар қай ұлт өкілі екенін және қай өңірлерде тұратынын анықтады.
ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазіргі уақытта елімізде Абай деген 18 539 адам тіркелген. Абай деген ең көп азамат Түркістан облысында – 2 052 адам, одан кейін Астанада – 1 936 адам, Алматыда – 1 583 адам тұрады. Ең азы Ұлытау облысында – 194 азамат тұрады. Ал ақынның туған жері Абай облысында бар болғаны 238 адамға Абайдың аты қойылыпты. Шығыс Қазақстан облысыда 211 Абай бар.
Статистикадан аңғарғанымыздай, түрлі ұлт өкілі арасында да бұл есім танымал. Қазақстанда 18 040 қазаққа Абай есімі қойылған, өзге ұлт өкілдері бойынша Абаймен аттас:
- 38 қырғыз;
- 15 орыс;
- 11 татар;
- 10 ұйғыр;
- 5 өзбек;
- 2 украин;
- 2 башқұрт;
- 1 белорус;
- 1 әзербайжан;
- 1 тәжік;
- 1 балқар;
- 1 алтай халқы;
- 1 қарашай;
- 1 қытай;
- 1 дүнген;
- 1 күрт өкілі бар.
Абай есімі қойылған, бірақ құжатта ұлтын көрсетпеген 389 азамат тіркелген.
Мәдениет және спорт министрлігінің былтыр берген ақпараты бойынша, өңірлерде Абай есімімен аталатын 1 441 көше, 12 даңғыл, 99 мектеп, төрт колледж және бір театр бар.
2022 жылы Абай облысы құрылып, оның әкімшілік орталығы Семей болды. Бұдан бөлек, бір қала, үш аудан мен 28 елдімекен Абай есімімен аталады.
Қазақстанда Абай Құнанбайұлына арналған 30-дан астам ескерткіш орнатылған. Ұлы ақынға арналған монументал өнер туындылары әлемнің 18 елінде де бар. Атап айтқанда, Ташкентке, Мәскеуге және Бішкекке Абай ескерткіштері қойылған. Сондай-ақ Ренн (Франция), Бейжің, Каир, Будапешт, Тегеран, Ыстамбұл, Нью-Дели, Женева, Париж, Сараево, Тбилиси қалаларында да ескерткіштер орнатылған, – делінген ресми ақпаратта.
Биыл ақынның 180 жылдығы республика бойынша 10 күн бойы кең көлемде аталып өтпек. Мерейтой 1 тамыз күні Abay Academiasy энциклопедиялық порталының ашылуымен басталады. Платформада Абайдың мұрасы жүйелі түрде цифрлық нұсқамен шығады. Іс-шара аясында Қазақстандағы барлық Абай ескерткішіне гүл қойылады.
Мерейтойға орай, мынадай 100-ден астам мәдени және рухани іс-шара өткізу жоспарланған:
- Абайдың әдеби мұрасына арналған концерттер мен көрмелер;
- ақындар айтысы;
- жас ақындар мүшәйрасы;
- ақын шығармашылығын насихаттауға бағытталған әдеби кездесулер мен лекциялар, конференциялар.
Мерекелік іс-шаралар Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын қоғамда кеңінен насихаттап, ұлттық әдебиет пен мәдениетке деген ықыласты күшейтуді көздейді.