Оқу мәдениеті үйдегі кітап сөресінен басталады. Ал оны үй интерьеріне әдемі әрі қолайлы етіп жасаудың жолы саналуан. Сәт өткен сайын үй дизайнына қатысты тренд жылдам құбылатынын байқаймыз. Алайда кітап сөресі – классика, уақытқа, сәнге бағынбайтын эстетика, үй ішіне эмоциялық жылу кіргізетін отбасы мәдениетінің бір бөлігі. Бүгінгі материалда жеке кітапхана жасаудың маңызы мен үйлесімі туралы тарқаттық.
Кітап сөресі – үй иесінің руханиятқа, білімге қаншалық мән беретінінің көрінісі. Мысалы, Дінмұхамед Қонаевтың Алматыда орналасқан қазіргі музей-үйінің бір бөлмесі – тұтас кітапхана. Музей қызметкерлерінің айтуынша, Бірінші хатшының сөресінде қазақ, орыс, шетел авторларының бес мыңға жуық кітабы тұр.

Әлемдегі ең көне кітапхана қауымдастығы The American Library Association «Кітапхана болып есептелуі үшін қанша кітап қажет?» деген сұраққа дәл осы санды көрсеткен. Дегенмен сізге жеке кітапхана құру үшін міндетті түрде мыңдаған, жүздеген кітап қажет емес. Бастысы — қызыққан кітаптардың бір сөреге топтасуы.
Үйдегі кітап сөресінің 5 артықшылығы:
- Ой-өрісті дамытуға көмектеседі
Түрлі жанрлы кітап саралау, есте сақтау қабілетін аттыруға, логиканы дамытуға көмектеседі. Кітап үнемі көз алдыңда тұрса, оны оқуға ынтаң да ашыла түседі.
- Тәрбие үшін маңызды
«Бала – ата-ананың айнасы» екенін ескерсек, үйде кітап оқитын ересектерге кішілері де еліктеп өсері анық. Үйдегі кітап сөресі – бірге кітап оқуға, оны талдап, пікір алмасуға себеп болатын, отбасы мәдениетінің маңызды атрибуттарының бірі.
- Эстетикалық талғамды арттырады
Сөре — тек кітап жиналатын орын емес, көзге көркем, көңілге жайлы атмосфера сыйлайтын элемент.
- Ақпарат қолда тұрады
Бұл тіркеске қазіргі заманда «ғаламтор» сөзі ғана анықтама болады десек, жаңылысқан болармыз. Қолдағы кітап ақпаратты молынан, тереңінен қазуға мүмкіндік береді.
- Демалатын орын
Үйдегі кітапхана – гаджеттен бас алып, демалатын, кітап оқып ләззат алуға болатын, басқа әлемге еніп, бір сәт күнделікті тірлікті ұмытуға мүмкіндік беретін орын.
Кітап сөресін интерьерге үйлестіру тәсілдері:
- Кең бөлмеге биік, еденнен төбеге дейін тұратын, шағын бөлмеге қабырғаға ілінетін сөре қойған жөн. Жарық түсетін бұрышты таңдаған дұрыс.
- Минимализмге ашық түстер, скандинавиялық стильге табиғи ағаш, классикаға бедерлі, қалың сөрелер үйлеседі.
- Кітап қана емес, сурет, шам, гүл сияқты декор элементтерін де қосуға болады.
- Автор, тақырып, мұқаба түсіне байланысты ретпен орналастырыңыз. Мысалы, тек бір баспаның біркелкі дизайндағы кітаптарын топтастырыңыз.
- Балалар кітабын төменге, баланың қолы жететін жерге қойыңыз. Оларды тізбектеп емес, мұқабасы анық көрініп тұратындай қойған жөн. Бұл балаға кітапты өзі таңдауына жақсы көмектеседі.
- Сөренің жанына жұмсақ орындық, шағын үстел мен шам қойсаңыз, жайлы мекенге айналады.