
Қазақ қоғамында ұят – сөз бен әрекетті бағамдауға итермелейтін ең ықпалды ұғымдардың бірі. Қазір қоғамда «ұят» туралы көзқарас өзгеріп, оның мәні мен қызметі жиі талқыға түсіп жүр. Бірі оны адамның ар-намысын тәрбиелейтін моральдық құрал деп бағаласа, енді бірі тұлғалық дамуға кедергі келтіретін мәдени шектеу деп біледі. Біз мәдениеттанушы Жанар Таңсықпен ұят ұғымының қазақ дүниетанымындағы негізі туралы әңгімелестік.
Ұят ұғымы қазаққа қалай жетті?
Жанар Таңсық «ұят» ұғымының әуелі шығу тарихына мән беру керек екенін айтады. Бұл «ұяттың» қазақ қоғамында не себепті маңызды моральдық өлшемге айналғанын түсіну үшін керек. Ол қоғада жазбаша заңнан гөрі ауызша қалыптасқан моральдық нормалар басым болғанын айтты. Ауызша мәдениеттің негізінде ұят, ынсап, қанағат, обал, сауап секілді моральдық санаттар дамып, олар қоғамдық тәртіп пен мінез-құлық реттеушісіне айналған.
Бұл ұғымдарды қазақ мәдениетінің өзіндік коды, тіпті ұлттық кімдігіміздің бір бөлігі деуге болады. Себебі мәдени антропология курстарында айтылатындай, ұят, ынсап, қанағат, сауап сияқты ұғымдарды басқа мәдениет өкілдеріне түсіндіру қиын, – дейді Жанар Таңсық.
Маманның пікірінше, бұл түсінік қазаққа Пайғамбар хадистері арқылы келген болуы мүмкін.
Пайғамбардың бір хадисінде «Ұяты жоқтың иманы жоқ» деген мағынада айтылған сөз бар. Бұл қазақтың «Кімде ұят болса, онда иман да бар» деген мақалымен үндес. Бұл ойымды Абай Құнанбайұлының 36—37-қара сөздерінен де байқауға болады. Біздің салт-санамызға ұят ұғымының енуі және оның кеңінен қолданылуы осындай тарихи-діни негіздерге байланысты, – деді мәдениеттанушы.
«Ұят болады» деген тіркес қайдан шыққан?
Сарапшы бұл тіркес қоғамда өмірінде үш түрлі формада қолданылғанын айтты.

Біріншіден, «ұят болады» – адам болмысының қалыптасуына әсер ететін моральдық фактор. Қазақтар бұл тіркесті адамның ішкі танымын қалыптастыру үшін, өзін-өзі шектеу үшін пайдаланған. Екіншіден, ұят болады деген тек жеке адамға емес, тұтас әулетке, руға, ұлтқа қатысты. Сондықтан бұл тіркес қоғамдық жауапкершілікке тығыз байланысты. Үшіншіден, «ұят болады» ұғымы адамды өзін ғана емес, айналасын ойлауға итермелейді. Демек, ұлттық санада «біз» деген түсінік басым болған, – деп топшылады маман.
Жанар Таңсық «ұят» деп саналатын жағдайдың нақты мысалдарын келтірді. Айтуынша,үлкенге құрмет, кішіге ізет қағидасы орындалмаса, бұл ұят саналған. Балағат сөз айту, интим тақырыптарды қозғау да ұят болған.
Итің жаман десе, ренжитін қазақпыз. Бұрын байдың малшы, қызметкері, күңі ғана емес, иті де сол байдың беделі мен абыройының бір бөлігі саналған. Біреу оның итін немесе малшысын жаман десе, бұл байдың өзіне айтылған сынмен тең еді. Сондықтан бай адам айналасындағыларға жақсы жағдай жасауға міндетті болған. Әйтпесе, мұндай немқұрайлықты қоғам «ұят» әрекет деп бағаланған. Бұл – қазақ қоғамындағы моральдық жауапкершіліктің тек жеке тұлғаға емес, оның айналасына да қатысты екенін көрсетеді, – дейді ол.
Абай мен Шәкәрім ұят туралы не деген?
Мәдениеттанушының айтуынша, қазақ қоғамында ұят адам мінезін реттейтін маңызды моральдық өлшем болған. Кей жағдайлда ол шешім қабылдауға әсер етіп, тіпті адамның еркін таңдауын шектеген. Мысалы, қыз бала өзі қаламаса да, «қалыңмалы алынған, ұят болады» деген сылтаумен тұрмысқа берілетін. Бұл – ұяттың реттеуші рөлін асыра қолданған парадокс жағдай. Маман ұяттың реттеуші рөлін Шәкәрімнің ар мен ұят жайлы тұжырымымен де байланыстырады.
Шәкәрім үш сот бар дейді: қоғам соты, адамның өз ар-ұяты және Құдай соты. Осы тұрғыдан ұят – адамның ішкі рухани тазалығының сыртқы көрінісі әрі мінез-құлықты реттейтін күш деп түсіндіріледі.
Мәдениеттанушының айтуынша, «ұят болады» деген түсінік адамның дамуына кедергі болып-болмауы оны қалай түсінетініне байланысты. Ұяттың нақты теориясы жоқ, сондықтан әр адам оны өзінше қабылдайды.
Абай Құнанбайұлы ұятты екіге бөледі: біріншісі – надандықтан туған қисынсыз ұят; екіншісі – адамның қоғам алдындағы шынайы жауапкершілігінен туындайтын ұят. Адам ұятты осы екінші мағынасында түсінсе, ол дамуға кедергі емес, – дейді маман.
Маман буындар арасындағы айырмашылықты да айтып өтті.
Кеңес дәуірінде өскендер «ұят болады» деген түсінікпен тәрбиеленсе, бүгінгі жастар оны қайта сараптап жатыр. Алайда бұл ұғым әлі де қоғамдағы ықпалын сақтап келеді, – дейді ол.
Ұяттың теріс жағы да бар. Кейде ол қысым мен репрессия құралына айналып кетеді. Біреуді «ұят болады» деп шектеп, оның еркін таңдауына кедергі келтіруі мүмкін. Өйткені ұят тұрақты, нақты түсінік емес, әр адам оны субъектив түрде қабылдайды.
Ұятты дұрыс қолданса…
Ұят әділдік пен моральдық тепе-теңдікті сақтау үшін қолданылса, адамның ар-намысы мен тәртібін қалыптастыру үшін тиімді құрал бола алады.
Мысал ретінде ұлттық киіммен қазақ мәдениетіне жат қылық жасап, сынға қалған жағдайларды айтуға болады. Бұл жерде ұят ұғымы ұлттық құндылықтарды қорғау үшін қолданылды. Демек, мұндай жағдайда ұят адам мінезін тәрбиелейтін, мәдени нормаларды сақтауға ықпал ететін пайдалы құралға айналады, – деп қорытындылады мәдениеттанушы.
Жазира Бекболат