Басты бетЖаңалықтарАқылды үй, қашықтан төлеу қызметі. Жасанды интеллект пен жаңа технологиялар өмірді қалай...

Ақылды үй, қашықтан төлеу қызметі. Жасанды интеллект пен жаңа технологиялар өмірді қалай жеңілдетіп жатыр?

«Анашым, қарашы, жарық өзі қосылды!» — бұл фантастикалық фильмнен алынған үзінді емес, бүгінгі өміріміздің көрінісі. Технологиялық процестің тым жылдам дамып жатқаны сонша, қарапайым адамдар жаңалықтарға таң қалып та үлгермей жатыр. Әлдеқандай дыбыстан-ақ жарық жана қалатынына үйрене алмай жүргенде, технология үйді өзге қалада отырып-ақ бақылай беруге мүмкіндік берді. 
Бірнеше жыл бұрын цифрландыру мен технология тек IT саласы қызметкерлеріне қатысты сөздей көрінсе, бүгінде бұл күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Телефон, боттар, онлайн-сервистер – бәрі-бәрі. Бүгінгі мақалада технологиялар мен жасанды интеллект өмір мен күнделікті әдетіміздің өзгеруіне қалай әсер етіп жатқанын талдап көреміз.

Кейінгі бесжылдықта Қазақстанның цифрлық саласы айтарлықтай ілгеріледі. 2024 жылы еліміз электрондық үкіметті дамыту (UN E-Government Development Index) бойынша үздік 25 ел тізіміне енді және онлайн қызметтер сапасы бойынша әлем бойынша Эстония және Оңтүстік Кореямен бірдей көрсеткіш көрсетіп, үздік ондыққа кірді.

Мемлекеттік қызметтер және жасанды  интеллект

Қазақстандағы онлайн қызмет көрсету саласы мен электрондық үкімет істері расымен жолға қойылған. Оған цифрлық деректер дәлел. Бүгінде eGov.kz порталы мен eGov Mobile қолданбасын 14,7 миллионнан аса адам қолданады. Элүкімет арқылы халыққа 1200-ден аса мемлекеттік қызмет түрі ұсынылады. Оның 92%-ы автоматтандырылған, сондықтан азаматтар қызметтің көбін қалта телефоны арқылы да ала алады.

Мысалы, қазір бұрынғыдай ауруханаға барып, сағаттап кезек күтудің керегі жоқ. Электрондық үкімет порталына кіріп, мекенжайыңыз бойынша тіркелген ауруханаңызды тауып, учаскелік дәрігеріңізге онлайн жазыла аласыз. Осылай, уақыт үнемдеу де қолайлы бола түсті. Сонымен қатар түрлі сынамалардың нәтижесі де телефоныңызға келіп тұрады.

Ал жасанды интеллект бұл тұста екінші тараптың да жұмысын жеңілдетеді. Бүгінде көптеген мекеме жасанды интеллектіні түрлі сынаманың нәтижесін жазбаша құжатқа түсіру үшін қолданады. 

Жұмыс қызу, уақыттың көбі кептелісте өтетін қарбалас өмірде жаңа технологиялар жарап тұр. Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында тұратын Жанна Алпамысова – екі баланың анасы. Оның мүлдем бос уақыты жоқ. Мектептен қандай да бір анықтама сұрата қалса, бұрынғыдай ХҚКО-ға барып қиналмайды. 

Қазір уақытың болса, Egov.kz порталына кіресің, оған да уақытым аз десең, керегіңді жылдам дайындап беретін телеграм-бот та бар. Әрі кетсе, бес минутта керек қағаз қолымда. Бұрынғыдай ХҚКО-ға барып, баламен кезекте тұрып, көп қағазға қол қоюдың да қажеті жоқ, –  дейді ол. 

Мұндай боттар іске қосылғалы да біраз болды, халық та көп қолданады. Бот арқылы әкімдікке жазылып, түрлі өтініш жолдап, қажет анықтамаларды да лезде алуға болады. Бұл бір жағынан қағазбастылықтан арылуға септігін тигізіп келеді. Жасанды интеллект қолданысқа енгелі, бұл қызметтің жылдамдығы да арта түсті. Себебі ол қолданушылардың өтінішін талдап, қай бөлім қызметкерлеріне жіберу керек екенін анықтай алады.

Смартфон арқылы басқарылатын үйлер

Технология қызмет көрсетуден өзге де салаларды жаулады. Мысалы, бұрын көптің қалтасы көтере бермейтін “ақылды үй” жасау жеңілдей түсті. Себебі қазір қыстыгүні үйдің жылу температурасын қашықтан бақылап, пульт арқылы көбейтіп, кемітуге болады. Бейнебақылау камерасын орнатып, жұмыста отырып, бақылап отыру да көпке таңсық емес.

Әлемде “Ақылды үй” нарығы жыл өткен сайын дамып келеді: 2024 жылы бұл нарық 79 миллион долларға бағаланса, 2029 жылы бұл көрсеткіш екі есеге артып, 147 миллион долларға жетеді деп жоспарланған. 

QR-төлем және онлайн мектептер

Қазақстандағы цифрландыру мемлекеттік қызметтермен, ақылды үйге жасанды интеллектінің кірігуімен шектелмейді. Қазір елдің барлық аймағы дерлік онлайн төлемге көшті. Ақшаны қолма қол ұстайтындар азайды. QR мен онлайн төлемнің қалыпты боп кеткені сонша, көп жерден “Қолма қол ақша жоқ” деген жазбаны көріп жүрміз. 

Ал 2020 жылғы COVID-19 індетіне байланысты карантин жарияланған соң, кейбір оқу орны онлайн оқытуға көшті. Содан бері онлайн курстарға, цифрлық сабақтар мен түрлі олимпиадаға оқушылар ғана емес, әлемнің түкпір-түкпіріндегі білімқұмар ересектер те қатыса алатын болды. 

Жасанды интеллект және стартаптар

Астанада Astana Hub деп аталатын ірі стартап орталық бар. Бұл жерде қазірдің өзінде 28 елдің 1300-ден аса стартап жобасы жүзеге асып жатыр. 2024 жылы Қазақстанның IT-секторына 250 миилион доллар шамасында инвестиция тартылды. 

Осылай, жасанды интеллект бірте-бірте өміріміздің барлық саласына ене бастады. Қазір жасанды интеллектіні меңгеру, оны бизнеске кіріктіру бойынша түрлі курс та бар. Шағын курстардан бөлек, кейбір жоғары оқу орындары ЖИ бойынша арнайы мамандар дайындай бастады.

ЖИ десе, әлі де үрке қарайтындар, қорқатындар баршылық. Алайда ЖИ – біздің қазіргі цифрлық әдеттеріміздің қайнар көзі. Бұл – тренд емес, өмірді жеңілдету құралы.