Прокурор Арман Қызыкен Перизат Қайратты 10 жылға, ал анасын сегіз жылға соттауды сұрады.
Прокурордың айтуынша, Перизат Қайрат ірі алаяқтықты елдегі төтенше жағдай кезінде жасаған. Дәл осы факт оның қылмысын ауырлататын мән-жай болып саналады. Ал жазасын жеңілдететін мән-жайлар жоқ.
Айыпталушыларға қылмыстық кодекстің келесі баптары бойынша айып тағылған:
- 190-бап, 4-бөлім, 2-тармақ – «Өте ірі мөлшердегі алаяқтық»;
- 218-бап, 2-бөлім, 1-тармақ – «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату)»;
- 218-бап, 3-бөлім, 3-тармақ – «Өте ірі мөлшерде қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату) адамдар тобы тарапынан жасалған.»
Еске салайық, Перизат Қайрат пен оның анасы мүгедек балаларға, сонымен қатар Қазақстандағы су тасқынынан және Таяу Шығыстағы қақтығыстан зардап шеккендерге қайырымдылық көрсету мақсатында жиналған 3 миллиард теңгені жымқырды деп айыпталып отыр.
9 шілдеде Астанада Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы кезінде ол құқық қорғау органдары қызметкерлерінен жәбір көргенін айтқан еді. Алайда ІІМ бұл мәлімдемесін жоққа шағырып, растаған жоқ.
Перизат Қайраттың сотынан тікелей эфир жүргізуге тыйым салынды.