Басты бетЖаңалықтарАстана халқы 2,5 миллион адамға дейін көбейеді

Астана халқы 2,5 миллион адамға дейін көбейеді

Астана халқы 2035 жылға дейін 2,5 миллион адамға дейін артады. Қаланың жаңа бас жоспарында осындай болжам жасалған.

Бұл туралы 24.kz хабарлап отыр.

Қазір шаһарда 1,5 миллион тұрғын бар. Олардың саны жыл сайын шамамен 7% өсіп келеді. Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, жоспар «адамдарға арналған қала» қағидатына негізделіп отыр. Демек, басты назар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Осыған байланысты құрылыста әлеуметтік салаға басымдық беріледі.

Қоғамдық көліктің үлесін 71%-ға дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл ретте автобус паркі жаңартылып, жаңа жолайрықтар салынады. Сонымен қатар қыркүйек айында LRT жобасы сынақ режимінде іске қосылады.

Көгалдандыруға да назар аударылады. Кейінгі үш жыл ішінде Астанада 2,5 миллионнан астам ағаш отырғызылды. Бұл жұмыс әрі қарай да жалғасады. Қала басшысы екі-үш жылдың ішінде 206 апатты үйдің тұрғындарын жаңа баспанаға көшіру жоспарланып отырғанын атап өтті.

Ғимараттардың тығыз орналасуына қатысты мәселелер бар. Осыған байланысты әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға басымдық береміз, — дейді әкім.

Атап айтқанда, тұрғын үймен қатар мектеп, балабақша, сквер мен саябақтар да салынады.