WBC Бекман Сойлыбаевтың келесі қарсыласы кім?

Бірден айта кетейік, Дүниежүзілік бокс кеңесінің ережесі бойынша Бекман Сойлыбаев чемпиондық белбеуін міндетті түрде алты айдың ішінде қорғауы тиіс. Оның міндетті қарсыласы – аргентиналық Горацио Кабрал.

28 жастағы боксшы шаршы алаңда 19 айқас өткізіп, соның 18-де жеңіске жеткен. Бір ғана жеңілісі бар. Сегіз кездесуін нокаутпен аяқтаған. Екінші жеңіл салмақ дәрежесінде әлем бойынша 48-орында тұр. Жалпы WBC International чемпиондық белбеуі кәсіпқой боксшының карьерасындағы трамплин іспеттес.

Бұл белбеу өз салмағында әлем бойынша үздік 15 боксшының қатарынан көрінуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ары қарай тікелей чемпиондық атаққа жол ашады. Қазір Бекман Сойлыбаевтың еншісінде 11 айқас бар. Барлығында жеңіске жетіп, соның төртеуінде қарсыластарын нокаутқа жіберген. Соңғы айқасын 30 сәуір күні Мексиканың Чиуауа қаласында өткізіп, венесуэлалық Самуэл Гонсалесті ұтуы арқылы екінші жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBC International чемпиондық белбеуін жеңіп алған.

Дереккөз24.kz