Алматыда Matic Basket қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды. Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі хабарлап отыр.
Агенттіктің мәліметінше, пирамиданы ұйымдастырғандар YouTube, WhatsApp пен Telegram арқылы жарнама жасап, ақшаны Matic Basket жобасына салуға шақырған. Криптовалюта биржасында майниң мен трейдиң арқылы жоғары пайданы уәде еткен.
Оған сенген адамдар 5 000 теңгеден 1 100 АҚШ долларына дейін ақша салған. Бірақ оларға ешқандай растайтын құжаттар берілмеген, келісімшарттар да жасалмапты.
Жаңа қатысушыны тартқан жағдайда әрбір қаржылық операциядан 10% көлемінде кіріс түсетіні айтылған. Нәтижесінде қаржы пирамидасына Қазақстан мен ТМД елдерінің 1900-ден астам азаматы тартылып, жалпы сомасы 80 миллион теңгеден астам қаражат салынған, — делінген хабарламада.
Қазіргі кезде бір күдікті әйелге елден шығуға тыйым салынды. Тергеу шаралары жалғасып жатыр.