Басты бетЖаңалықтарПеризат Қайрат өзіне тағылған айыпты мойындамай отыр

Перизат Қайрат өзіне тағылған айыпты мойындамай отыр

Астана сотында Перизат Қайратқа қатысты іс бойынша айыптау актісі оқылды. Ол өзіне тағылған айыпты мойындамай отыр.

Қылмыстық іске сәйкес, Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған:

  • 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы – «Аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық»;
  • 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы – «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған қылмыстық жолмен алынған ақша мен басқа мүлікті заңдастыру (жылыстату)»;
  • 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағы – «Аса ірі мөлшерде жасалған қылмыстық жолмен алынған ақша мен басқа мүлікті заңдастыру (жылыстату)».

Айыптау актісіне келіспеймін, келтірілген уәждерді негізсіз деп санаймын. Тергеушілердің қиялы үшін мен жауапты емеспін. Бұл негізсіз айыптауды мойындамаймын. Сот бүгін басталды, алда барлық фактіні көрсетіп, өзімді қорғаймын, – деді Перизат Қайрат.

Еске салайық, Перизат Қайрат пен оның анасы мүгедек балаларға, сонымен қатар Қазақстандағы су тасқынынан және Таяу Шығыстағы қақтығыстан зардап шеккендерге қайырымдылық көрсету мақсатында жиналған 3 миллиард теңгені жымқырды деп айыпталып отыр.

9 шілдеде Астанада Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы кезінде ол құқық қорғау органдары қызметкерлерінен жәбір көргенін айтқан еді. Алайда ІІМ бұл мәлімдемесін жоққа шағырып, растаған жоқ.

Перизат Қайраттың сотынан тікелей эфир жүргізуге тыйым салынды.