Көкшетауда «Жеңіс лентасы» акциясы өтті

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мəліметі бойынша Жеңіс символы көк түсті жібек матадан дайындалған. Ұлттық оюмен көмкерілген лентаның екі шетінде соғыс кезінде Қазақстан халқының ерлік пен батылдықтың жарқын үлгісін көрсеткенін білдіретін ордендендер бейнеленген.

Лентада Кеңес одағының Батырлары Талғат Бегелдинов, Сағадат Нұрмағамбетов, Мəлік Ғабдуллин, Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев тəрізді ақмолалық ерлердің есімдері жазылған.

Акция барысында белсенділер жұртшылыққа «Жеңіс лентасын» үлестіріп, қалай тағу керектігін түсіндірді.

Мерекелік шара салтанатты минингіден басталды. Сондай-ақ, соғыс жылдарындағы ретро көліктер мен «Мəңгілік полктің» қаланың орталық көшелерімен мерекелік шеруіне жалғасты. Оған қоса шараға жиналған қала тұрғындары шейіт болған майдангерлердің құрметіне «Мəңгілік алауға» гүл дестелерін қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды. «Мәңгілік естен кетпес отты жылдар!» театрландырылған көрініс қойылып, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне əскери асхана ұйымдастырылды.

Еске сала кетейік, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Ақмола облысынан барлығы 89867 адам майданға алынған. Оның ішінде 37167 адам қайтып оралмаған. Осы күні облыста 115 ардагер тұрып жатыр.