Басты бетЖаңалықтарПавлодарда колледж студенті есірткі таратқаны үшін 6 жылға сотталды

Павлодарда колледж студенті есірткі таратқаны үшін 6 жылға сотталды

Павлодарда колледж студенті психотроптық заттарды заңсыз таратқаны үшін алты жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұл туралы көліктегі полиция департаменті хабарлап отыр.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында көлік полициясы Павлодар облысының 18 жастағы тұрғынын қолға түсірді. Тергеу барысында анықталғандай, қала колледждерінің бірінде оқитын студент жылдам ақша табу мақсатында есірткі заттарын таратумен айналысқан. Оның міндеті – тыйым салынған заттарды алып, белгілі бір орындарға жасырып кету болған.

Студент мессенджердегі «куратордың» нұсқауымен, алдын ала белгіленген жерден 8,7 грамм альфа-PVP психотроптық заты салынған 21 дозасы бар ораманы алып, теміржол вокзалы маңында орналасқан жасырын орындарға апаруға тырысқан. Алайда дәл осы жерде көлік полициясы оны қолға түсірді.

Іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталып, Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты студентке алты жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Бұл оқиға – жастардың жеңіл табысқа деген құмарлығының қандай ауыр салдарға әкеп соғатынын көрсететін нақты мысал. Бір ғана қате шешім – және бостандықтың орнына түрме күтіп тұрады, – делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында көліктегі полиция 200-ден астам есірткіге қатысты құқықбұзушылықты анықтаған. Оның ішінде:

  • 31 факт – сату;
  • 12 – аса ірі көлемде сақтау;
  • 5 – контрабанда.

Барлығы 240 кг-ға жуық есірткі тәркіленген, оның ішінде 110 кг-нан астамы – синтетикалық есірткі.