Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында пара алған полицей мен оған ақша берген жүргізуші сотталды.
Бұл туралы Глубокое аудандық соттың баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Патрульдік полиция батальонының инспекторы әріптесімен бірге Өскемен-Шемонаиха тасжолында қызметтік көлігімен кезекшілікте жүрген. Олар Глубокое кентіне бұрылатын тұста жеңіл көліктің «Газельді» басып озу үшін қарсы жолаққа шығып кеткенін байқады.
Сот барысында анықталғандай, инспектор К. көлікті тоқтатып, жүргізушіні қызметтік көлікке шақырған. Содан соң жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабы 3-бөлігі (қарсы қозғалыс жолағына шығу) бойынша хаттама толтырылатыны туралы ескерткен.
Алайда ер адам жүргізуші куәлігінен айырылғысы келмегендіктен хаттама толтырмауды өтінген. Осы үшін инспектор одан 40 мың теңге сұраған. Жүргізуші бұл соманы өзі аудара алмаған соң, танысына хабарласып, жағдайды түсіндіріп, полицейдің банктегі шотына ақша аударып беруін өтінген, — делінген хабарламада.
Осылайша үш адам сотталды: полицей — пара алғаны үшін, жүргізуші — пара бергені үшін, ал оның танысы — пара беруге көмектескені үшін. Сот шешімімен полиция қызметкері бір жылға түрмеге қамалды. Ал көлік жүргізушісі мен оның танысы жеті ай мерзімге бас бостандықтарынан айырылды.
Сотталушылар бұл шешіммен келіспей апелляциялық шағым түсірді. Нәтижесінде облыстық сот жүргізуші мен оның танысына тағайындалған жаза түрін бас бостандығынан айырудан — бас бостандығын шектеуге ауыстырды.