Басты бетЖаңалықтарAlmaty Series Festival және Series Mania жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Almaty Series Festival және Series Mania жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

2025 жылғы 22–26 қыркүйек аралығында Орталық Азияда алғаш рет халықаралық Serial Bridges воркшопы өтеді — бұл әйгілі француз фестивалі Series Mania және оның білім беру бөлімі Series Mania Institute бастамасымен ұйымдастырылып, Almaty Series Festival және Француз институтының (Institut Français) қолдауымен жүзеге асады.

Series Mania Institute жыл сайын сериал саласында жұмысын енді бастаған және кәсіби дамып келе жатқан мамандарға арналған воркшоптар өткізеді. Бағдарлама бұған дейін Рио-де-Жанейро мен Ыстамбұлда сәтті өткен болатын, ал 2025 жылы алғаш рет Орталық Азияда — Алматы қаласында ұйымдастырылады. Воркшопқа Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан елдерінен сериал жобасымен жұмыс істеп жатқан барынша жеті дуэт (сценарист және продюсер) қатыса алады.

Бұл бастама Almaty Series Festival индустриялық фестивалінің бір бөлігі болады — бұл Қазақстанда сериал өнеріне толықтай арналған алғашқы іс-шара және Орталық Азия контентін жаһандық деңгейде ілгерілетуді мақсат етеді.

Воркшоп неге арналған?

Serial Bridges Central Asia (SBCA) бағдарламасының мақсаты — қатысушыларды халықаралық сериал нарығымен терең таныстыру, жобаларын жаһандық деңгейде ілгерілетуге бағыттау, еуропалық копродукцияларға дайындық, бірлескен қаржыландыру үшін серіктестерді табу және халықаралық сарапшылар қатысатын сценарий шеберханаларын дамыту.

Бас жүлде — халықаралық форумға жолдама

Бағдарламаның қорытынды кезеңінде кәсіби қазылар алқасының қатысуымен питчинг-сессия өтеді. Нәтижесінде екі адамнан тұратын үздік команда — продюсер мен сценарист/шоурайнер — 2026 жылғы наурызда Францияның Лилль қаласында өтетін Series Mania Forum халықаралық форумына арнайы шақырту алады.

Қатысу талаптары

Аталған елдерден үміткерлер воркшопқа қатысу үшін өтінім бере алады. Қарастыруға сериал жобасының әзірлеу сатысындағы нұсқалары қабылданады. Әр дуэт сценарист (немесе шоурайнер) пен продюсерден тұруы тиіс және олар бірлесіп жоба бойынша жұмыс істеуі қажет. Қатысушы команданың кем дегенде бір мүшесі ағылшын тілін еркін меңгерген болуы тиіс, өйткені бағдарламаға халықаралық сарапшылар қатысады.

Қосымша ақпарат пен өтінім беру шарттары, мерзімдері мен формасы туралы мәліметтер Almaty Series Festival және  Series Mania -ның ресми Instagram парақшаларында қолжетімді.