Басты бетЖаңалықтарЕлімізде шілде айында ауа райы қандай болады?

Елімізде шілде айында ауа райы қандай болады?

«Қазгидромет» республика бойынша 2025 жылғы шілдеге арналған консультативті күн райы болжамын ұсынды.

Шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады деп болжанып отыр. Жауын-шашын жауады, кейбір күндері нөсер жауын болады, найзағай ойнап, бұршақ жауады және дауыл тұрады. Республиканың оңтүстік жартысында қатты ыстық және өте қатты ыстық болады деп болжанып отыр, шаңды дауыл тұрады, — делінген хабарламада.

Бірінші онкүндіктің бірінші жартысында тұрақты циклонның әсерінен Батыс Қазақстан облысында күндізгі температура +18, +26°С арасында болады, онкүндіктің соңына қарай +28, +33°С-қа дейін көтеріледі.

Атырау және Маңғыстау облыстарында ауа температурасы күндіз +25, +33°С-тан +30, +38°С-қа дейін біртіндеп көтерілуі мүмкін.

Солтүстік және орталық өңірлерде әуелі күн ыстық болып, содан кейін салқындайды. Онкүндіктің басында ауа температурасы күндіз +25, +35°С-қа дейін көтеріледі, содан кейін +18, +23°С-қа дейін төмендейді.

Қазақстанның шығысында ең ыстық кезең онкүндіктің ортасында болуы мүмкін, ауа температурасы күндіз +30, +38°С-қа дейін көтеріледі.

1-5 шілде аралығында Қазақстанның оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында ауа температурасы түнде +15, +22°С-тан +25, +30°С-қа дейін, күндіз +30, +39°С-тан +40, +46°С-қа дейін өте қатты ыстық болады. Күн ыситындықтан, бұл аймақтарда төтенше өрт қаупі көп.

Шілденің екінші және үшінші онкүндігінде елдің батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында, орталығында ең ыстық күндерде ауа температурасы +33, +42°С-қа дейін, Қазақстанның қиыр оңтүстігінде +46°С-қа дейін жоғарылайды. Салқын күндері +23, +28°С-қа дейін төмендейді.

Елдің солтүстік жартысы мен шығысында ауа температурасы түнде +15, +23°С-тан +7, +12°С-қа дейін, күндіз +32, +39°С-тан +18, +23°С-қа дейін ауытқуы мүмкін.