1 шілдеде Алматы облысындағы Жалпақсай ауылындағы жеке оңалту орталығы аймағынан бірнеше ит сыртқа шығып кеткен еді. Олар спорт алаңында ойнап жүрген 10 жасар баланы талаған. Мұны көрген адам иттің екеуін пышақпен өлтіріп тастаған. Желіде баланы құтқарам деп иттерді өлтірген адам жауапқа тартылады деген ақпарат жүр. Алматы облысы полиция департаменті ақпарат жалған екенін мәлімдеді.
Бұл азаматқа қатысты процессуалдық шешім шыққан жоқ. ҚР Қылмыстық кодексінің 32-бабы «Қажетті қорғаныс» бойынша оның әрекеті өзін-өзі қорғау мақсатындағы заңды әрекетке жатады. Заң бойынша, өмірге, денсаулыққа немесе мүлікке нақты қауіп төндіретін шабуылға тойтарыс беру кезінде қорғану үшін зиян келтіру қылмыстық жазаланатын әрекет емес. Осылай, кәмелетке толмаған баланы жануарлар шабуылынан құтқарған азаматтың әрекеті қолданыстағы заңнама нормаларын бұзбайды және қылмыстық іске жатпайды, — дейді полиция жауабында.
Ал иттердің иесінің әрекеті сотқа дейінгі тергеу кезінде жан-жақты тексеріледі.
Қандай да бір заң бұзған белгі анықталса, иесі заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартылады, — делінген хабарламада.
Бала түрлі жарақат алып, ауруханада жатыр. Оған оңалу үшін ұзақ уақыт керек.