18 сәуірде футбол командасы Астана – Ерейментау – Шідерті тас жолында жол апатына ұшырады. Апаттан павлодарлық жаттықтырушы қаза болған еді. Ақмола облысы, Ерейментау аудандық соты көлік жүргізушісіне үкім шығарды. Бұл туралы Pavlodarnews.kz хабарлап отыр.
Сотталушы — Павлодар қаласының 44 жастағы тұрғыны. Оған Қылмыстық кодекстің 345-бабының үшінші бөлігі бойынша, абайсызда адамның өліміне әкеп соқтырған жол ережесін бұзды деген айып тағылды.
Ол 18 сәуірде, кешкі сағат 5 шамасында ағасының Daimler Chrysler шағын автобусымен облыс орталығынан Астанаға шыққан. Салонда кәмелетке толмаған 16 жолаушы мен екі жаттықтырушы болған. Олар футбол жарысына бара жатқан. Сот үкімі бойынша, жол-көлік апаты Ерейментау көпірінен өткен соң 3 сағат өткеннен кейін болған.
Микроавтобус сағат 20:30 шамасында Ереймантау көпірінен өтіп, алдындағы жүк көлігін басып озбақшы болған. Көктайғақта микроавтобус жүргізушісі тізгінге ие бола алмай, қоршауға барып соғылған. Осы кезде жаттықтырушы «қасында отырған кәмелетке толмаған баланы соққыдан сақтау үшін денесімен жапқан». Микроавтобус оң жағымен құлаған. 35 жастағы жаттықтырушы сол жерде қаза болды.
Сотта жүргізуші кінәсін толық мойындап, жәбірленушіден кешірім сұрады. Сот оған екі жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол үш жыл көлік айдай алмайды. Сотталушы жазасын ең төменгі қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге тиіс.