Басты бетЖаңалықтарАстанада азаматтарды 175 миллион теңгеге алдаған әйел ұсталды

Астанада азаматтарды 175 миллион теңгеге алдаған әйел ұсталды

Астана қаласында алаяқтық фактісі бойынша 45 жастағы әйелге қатысты тергеу басталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлап отыр.

Күдікті өзін тәжірибелі риэлтор ретінде таныстырып, пәтер алып беремін деп әлеуметтік желілер арқылы азаматтардың сеніміне кіріп, олардың ақшасын иемденген.

Ол бірнеше тұрғыннан әртүрлі көлемде алдын ала төлем алған. Жәбірленушілердің айтуынша, күдікті бастапқыда сенім ұялату үшін нақты пәтерлердің фотоларын, құжаттарын көрсетіп, шынайы келісім жасалатындай әсер қалдырған. Кейіннен уәдесін орындамай, түрлі сылтаумен ақшаны қайтармаған. Тәртіп сақшылары осыған ұқсас 30-ға жуық эпизод бар екенін анықтады, — делінген хабарламада.

Күдікті азаматтарды 175 миллион теңгесін үптеп кеткен. Полиция алданғандардың саны көбейіп жатқанын айтады.

Қазіргі таңда аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің 190-бабы «Ірі мөлшерде жасалған алаяқтық» бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.