Алматыда Әуезов ауданының тұрғындары таңғы сағат сегізден бері жарықсыз отыр. Бұл туралы «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ хабарлап отыр.
Компанияның мәліметінше, 30 маусым сағат 08:10-да Әуезов ауданына қарасты №1, №2, Аксай-1 шағынауданында электр энергиясы ішінара өшкен. Ақаудың себебі – кабель желісінің зақымдануы.
Қазір №1 және №2 шағынаудандарда электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілді. Аксай-1 шағынауданында апаттық-қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мамандары электрмен жабдықтауды тез арада қалпына келтіру үшін барлық қажетті шараны қолданып жатыр, – делінген хабарламада.
Еске салайық, жоспарлы жөндеу жұмыстарының уақыты, түрі және мекенжайлары көрсетілген кесте компанияның ресми www.azhk.kz сайтында тұрақты түрде жарияланып отырады.
«Апатты өшірулер» интерактивті бөлімінде электрмен желілеріндегі ақаулар туралы онлайн режимінде ақпарат алуға болады.