Алмас Мұқатаев
Алмас Мұқатаев. Фото: Нұрназар Әмзе
3D-графика, түс және күрделі визуал жоба жасайтындар үшін ноутбук — жай техника емес, ойын іске асыратын сенімді серігі. ASUS компаниясы осындай шығармашыл мамандарға арнап ASUS ProArt Р16 ноутбугын шығарды. Дизайнер Алмас Мұқатаев дәл осы құрылғыны бірнеше күн қолданып, ноутбук туралы Baribar.kz оқырмандарына айтып берді.

ASUS ProArt Р16 сипаттамасы

Атым — Алмас, тоғыз жылдан бері уеб-дизайнермін. Жұмысым шығармашылықпен байланысты: 3D-графикамен, визуал контентпен айналысамын. Жұмысымда ноутбукты жиі қолданамын, тіпті кейде түнімен немесе 10-12 сағаттап отырамын. Қазір пайдаланып жүрген құрылғым — ASUS ROG Zephyrus G16. Осындай обзор шолуды оқып, қызығып, сатып алғанмын. Ноутбугым өзіме ұнайды, бірақ ASUS-тың ProArt P16 құрылғысын да қолданып көргім келді. Бұл ноутбукты сынағанда мынадай сипаттамасына мән бердім:

  • дизайны мен салмағы;
  • экран сапасы;
  • процессоры, оператив жады мен видеокартасы;
  • шығармашылыққа арналған функциялары;
  • жасанды интеллект мүмкіндігі;
  • дыбысы;
  • желдеткіші
  • тачпады мен басқа да басқару тетіктері.
Алмас Мұқатаев
Алмас Мұқатаев. Фото: Нұрназар Әмзе

Сырт көрінісі: жинақы әрі сәнді

Көбіне ойын ноутбуктары қуатты құрылғы саналады. Алайда олардың дизайны маған аса ұнамайды. Жарқыраған шам мен агрессив дизайн менің стилім емес. ASUS-тың ProArt Р16 сырт көрінісі Топ: артық элементі жоқ, жип-жинақы. 

ASUS ProArt 16
Фото: Нұрназар Әмзе
ASUS ProArt 16
Фото: Нұрназар Әмзе

ASUS ProArt Р16-ның қалыңдығы — 14, 9 миллиметр. Салмағы — 1,85 келі. Аса ауыр емес, сөмкеге салып, қалада немесе сапарда алып жүруге ыңғайлы. Мен сияқты онлайн жұмыс істейтін, локацияға байланбайтын мамандар үшін бұл үлкен артықшылық.

ASUS ProArt 16
Фото: Нұрназар Әмзе
ASUS ProArt 16
Фото: Нұрназар Әмзе

Экраны

Экран — мен үшін ноутбук таңдағанда ең маңыздысының бірі. Кем дегенде 16 дюйм болатын, сапалы экранды таңдаймын. Себебі  дизайнер ретінде жұмысым түспен тікелей байланысты. Әр пиксель, әр рең жобаның мазмұны мен әсеріне ықпал етеді. Экраным түсті басқаша көрсетсе, жасағанымды клиент мүлде басқаша көріп, оны қайта-қайта түзеуге тура келеді.

ASUS ProArt 16
Фото: Нұрназар Әмзе

ASUS ProArt Р16 экраны дәл сол қатені жасамауға көмектеседі екен. Өйткені экраны — 16 дюйм, 4K OLED. Кәсіби деңгейдегі экран дер едім: әр түс дұрыс, анық, қанық көрінеді, контрасы мықты. Экран жарығы — 500 кд/м2, соның арқасында экрандағы бейне жарық әрі қараңғы бөлмеде де, далада да анық көрінеді. 

Алмас Мұқатаев
Алмас Мұқатаев. Фото: Нұрназар Әмзе

Ең ұнағаны — түсті дәл көрсететіні. Экран Pantone Validated және DisplayHDR True Black 500 стандарттарына сай етіп жасалыпты, ал түс гаммасы — DCI-P3 100%, Delta E < 1. Бұл — экранда не көрсең, соны клиент те, типография да, видеодағы көрермен де дәл солай көреді деген сөз. Демек, мониторда көріп тұрған түс пен шынайы өмірдегі түстің айырмасы мүлдем байқалмайды.

Тағы бір ерекшелігі — экранының сенсор екені. Ноутбуктың стилусын бөлек сатып алу керек екен. Мен басқа стилусты қолданып көрдім. Экран оны жақсы әрі лезде сезді. Ол арқылы түрлі иллюстрацияны, эскизді сызуға, салуға болады. Дегенмен «Экран тез сырылып кетпей ме?» деген сұрақ ойыма келді. Сөйтсем, экран Gorilla Glass NBT шынысымен қорғалған екен. Соның арқасында ноутбук экраны тез сырылмайды, бүлінбейді.

ASUS ProArt 16
Фото: Нұрназар Әмзе
ASUS ProArt 16
Фото: Нұрназар Әмзе

Процессоры мен видеокартасы

Бұл ноутбукқа Windows 11 операциялық жүйесі орнатылған. Интерфейсі таныс, жұмыс істеуге ыңғайлы. Қолданбалар тез ашылады, бірнеше бағдарлама қатар жұмыс істегенде де жүйе баяуламайды.

ASUS ProArt 16
Фото: Нұрназар Әмзе

Оператив жады — 64 ГБ-ға дейін. Нейропроцессоры — AMD Ryzen AI 9 HX 370. Шығармашыл адамдардың жұмысында дизайн, 3D модельдеу, видеомонтаж сияқты ресурсты көп қажет ететін жобалар жиі кездеседі. Ал мұндай процессоры бар ноутбук бұл процестің бәрінде қатып қалмай, жобалар тез ашылады.

Видеокартасы — NVIDIA GeForce RTX 50 сериясы. Бұл видеокарта тек графика саласында емес, жасанды интеллектпен жұмыс істейтін тапсырмаларды да орындай алады. Қарапайым тілмен айтқанда, видеокарта көлемі үлкен ақпаратты жылдам өңдеуге қабілетті. Мысалы, нейрожелілер арқылы жылдам видео генерациялауға, суреттегі объектілерді бөліп алуға, 3D модельге текстура салуға болады. Photoshop сияқты бағдарламаларда фонды әлдеқайда тез өшіруге, қатені әлдеқайда тез түзеуге мүмкіндік бар. 

ASUS ProArt 16
Фото: Нұрназар Әмзе

Пернетақтасы, Тачпады мен DialPad

Ноутбуктың пернетақтасы, тачпады үлкен әрі қолайлы. Саусақты жақсы сезеді, экранда меңзеген жеріңізді дәл табады, тез қозғалады, саусақ ізі қалмайды, курсор басқа жаққа «секіріп» кетпейді. Пернетақтасы жанып тұрады, яғни жарық жоқ жерде де пайдаланған ыңғайлы. 

ASUS ProArt 16
Фото: Нұрназар Әмзе

Оған қоса ноутбуктың артықшылығы — DialPad деген қосымша дөңгелек тетігі. Бұл — арнайы виртуал басқару батырмасы. Photoshop, Premiere Pro, After Effects сияқты бағдарламаларда оны қолдануға болады. Мысалы, DialPad арқылы видео уақыт сызығын жылжытуға,  бет арасында ауысуға немесе қылқалам өлшемін өзгертуге болады, яғни бұл құрал тезірек жұмыс істеуге көмектеседі. Оны керек кезде қосып-өшіруге болады.

ASUS ProArt 16
Фото: Нұрназар Әмзе

Желдеткіші

ASUS ProArt Р16 ішінде үш желдеткіші бар арнайы салқындату жүйесі орнатылған. Ол ауаны жақсы айналдырып, сыртқа шығарады да, құрылғы қызып кетпейді. Желдеткіште шаң өткізбейтін сүзгі бар, сондықтан ішіне кір де жиналмайды екен. 

Желдеткіштің түрлі режимін қолдана аласыз. Мысалы, желдеткіштің арқасында процессор мен видеокарта ауыр тапсырмаларды орындағанда қызбай, бірқалыпты жұмыс істейді. Ал қарапайым күнделікті тапсырма жасағанда желдеткіштің тыныш режимі қосылып, дыбысы да шықпайды екен.

ASUS ProArt 16
Фото: Нұрназар Әмзе

Ноутбукта қажет болатын бағдарламалар орнатылған

ASUS ProArt Р16 ноутбугына қажет болатын түрлі бағдарлама орнатылған екен. Мәселен, ProArt Creator Hub қолданба бар.  ProArt Creator Hub — ноутбукты кәсіби жұмысқа бейімдеуге арналған негізгі қолданба. Онда құрылғының жұмыс режимін басқаруға, экранның түсін дәл баптауға, DialPad пен арнайы пернелерді өзіңізге ыңғайлап орнатуға болады.

OLED экрандарының ерекшелігі — бір сурет немесе элемент, мысалы логотип, панель ұзақ уақыт қозғалмай тұрса, онда сол суреттің ізі экранда қалып қалуы мүмкін. Мұны «burn-in эффекті» деп айтады. Бұл қорқынышты нәрсе емес, бірақ уақыт өте келе кей пиксель басқа пиксельдерге қарағанда тез тозып, соның салдарынан экранда көлеңке сияқты із қалуы мүмкін. Алайда ASUS OLED Care бағдараламасы арқылы бұл мәселені шешуге болады. Бұл бағдарлама экрандағы пиксельдерді байқатпай, аздап қозғалтады, жарықты біркелкі өзгертіп отырады, қажет болса, уақытша экранды «өшіреді» немесе қара фон қояды. Нәтижесінде экранның сапасы төмендемейді. Бұл әсіресе, дизайнерлер, монтаж жасайтындар сияқты үзіліссіз, ұзақ жұмыс істейтіндер үшін маңызды. Осы бағдарлама да ASUS ProArt Р16-ға жүктелген.

MyASUS бағдаралмасы да бар. Бұл — техникалық қолдау, жаңарту және Wi-Fi-ды жақсарту сияқты функцияларды басқаратын қолданба. 

CapCut, StoryCube, MuseTree сияқты контент жасауға арналған бағдарламалар да орнатылып қойған. Айтпақшы, ASUS ProArt Р16 ноутбугын сатып алғандарға Adobe Creative Cloud-ты үш ай, CapCut-ты алты ай тегін қолдануға болады.   

Сонымен қатар экранда ашық тұрған терезелерді оңай басқаруға көмектесетін ScreenXpert бар. Мысалы, бір бетте Photoshop, екінші бетте референс ашып, үшіншіге музыка қоссаңыз — осы құрал арқылы бәрін бір жүйеге келтіре аласыз. 

Ал GlideX арқылы ноутбук пен смартфонды немесе планшетті бірге қосып, бір экранда жұмыс істеуге болады. Мысалы, телефонды екінші экран ретінде пайдаланып, ол жақта чат немесе сценарий ашып қоюға болады.

Алмас Мұқатаев
Фото: Нұрназар Әмзе

Жасанды интеллект мүмкіндігі

ASUS ProArt Р16 құрылғысына жасанды интеллект қосылған. Мысалы, StoryCube арқылы сурет пен видеоны тез тауып, реттеп, сақтауға болады. Ал MuseTree — интернетке қосылмай-ақ сурет салып беретін ерекше бағдарлама. Тапсырманы мәтінмен де, сызбамен де бере аласыз. 

Ноутбуктың уеб-камерасы мен микрофондары да жасанды интеллект негізінде істейді. Мәселен, камера адамның көзіне қарап, экранды автомат түрде қараңғы ете алады немесе өшіре алады. Жарықты түзеп, бейне сапасын жақсартады. Ал микрофон сырттағы шуды азайтып, тек дауысыңызды анық етіп шығарады.

Ал Copilot батырмасы арқылы идея, ақпарат табуға, мәтін жазуға болады.

Дыбысы

Ноутбуктың дыбысы да көңілден шықты. Harman/Kardon аудиожүйесі және жалпы алты динамигі бар екен. Дыбыс анық, қатты шығады. Видеомонтажда дыбысты тыңдағанда немесе жай музыка қосып жұмыс істегенде жақсы естілді. Қосымша колонка қосудың қажеті жоқ.

Үш микрофоны бар. Онлайн кездесулерде немесе бейнежазба жазғанда дауысты анық жазып алады екен.

ASUS ProArt 16
Фото: Нұрназар Әмзе

Қуаты

Ноутбук батареясының қуаты — сағатына 90 Вт. Құрылғының қуаты 20 сағатқа дейін жетеді. Әрине, бұл қаншалық ұзақ әрі қандай мақсатта қолданғаныңызға да байланысты. Ал өзінің қуаттағышының қуаты — сағатына 200 Вт. Ол небәрі 49 минутта 60%-ға толтырып береді. Бұл шұғыл кездесу немесе сапар алдында тиімді.

Сонымен қатар қолыңызда USB-C арқылы қуат беретін адаптер болса, соны да қолдануға болады. USB-C арқылы 100 Вт-қа дейін қуат алады.

ASUS ProArt 16
Фото: Нұрназар Әмзе

Меніңше, ASUS ProArt Р16 ноутбугында барлық қажет жалғағыш бар. Екі USB-A, HDMI, USB 4.0 және USB-C арқылы монитор, жылдам құрылғылар немесе қуаттағыш қосуға болады. Сонымен қатар SD Express карт-ридері бар. Бұл фото мен видеоны жылдам көшіруге көмектеседі. Қысқасы, адаптер іздеп әуре болмайсыз.

ASUS ProArt 16
Фото: Нұрназар Әмзе
ASUS ProArt 16
Фото: Нұрназар Әмзе

Бір айта кетері, енді Қазақстанда ASUS компаниясының ноутбуктарын сатып алғандар үшін арнайы ұсыныс бар: 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін сатып алған құрылғыларға бір жылдық тегін қорғаныс пакеті (ADP) беріледі. Бұл пакет құрылғы кездейсоқ құлап қалса, соғылса, су төгіліп кетсе, тоқ кернеуі ауытқыса немесе басқа да зақым келсе, тегін жөндетіп алуға болады. Демек, ол стандарт кепілдікте жоқ мүмкіндікті ұсынады. Оны қолдану үшін сатып алған ноутбугыңызды (ASUS, ROG немесе TUF) 90 күн ішінде ресми сайт арқылы тіркеп, түбіртек көшірмесін жүктеу керек.

Қорытындыласақ, ASUS ProArt Р16 артықшылығы деп мыналарды айтуға болады: 

  • дизайны ерекше;
  • экраны сапалы;
  • процессоры мен видеокартасы мықты;
  • жасанды интеллект қосылған;
  • басқару тетігі көп;
  • дыбыс жүйесі мықты;
  • қуаты ұзаққа жетеді;
  • көптеген бағдарлама орнатылған;
  • тиімді ұсыныстары бар.