27 маусымда Ақтау қаласының шетінде ірі жол апаты болды. Оқиға орнында жолаушылар автобусы мен Ravon жеңіл көлігі де болған.
Бұл туралы Lada.kz хабарлап отыр.
Куәгерлердің айтуынша, апатқа Toyota Sienna көлігінің жүргізушісі себеп болуы мүмкін. Ол полициядан қашпақ болып, көліктерге соқтығысқан. Ресми ақпаратта бұл дерек расталмағанымен, бір адамның қаза тапқаны жөнінде де бейресми хабарлар тарады.
Апат салдарынан жарақат алған алты адам Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілді.
Төрт адам тексеруден кейін амбулаториялық емге жіберілді. Екі науқас ауруханаға жатқызылды.
1995 жылы туған пациенттің бас сүйегі, төменгі жақ сүйегі, жамбас, асықты жілік және оң аяғының бірнеше сүйегі сынған. 1975 жылы туған екінші пациенттің кеуде қуысы жарақаттанып, бірнеше қабырғасы мен иық сүйегі сынған, – деп хабарлады аурухана өкілдері.
Екі пациенттің жағдайы ауыр, олар дәрігерлердің тұрақты бақылауында.