
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2022 жылдан бері жалпы сомасы 1,152 трлн теңгеден астам актив пен қаражат мемлекеттік меншікке өткенін хабарлады. Оның 329,4 млрд теңгесі тікелей мемлекеттік бюджетке аударылған. Baribar.kz тілшісі Алматыдағы мемлекетке қайтарылған мекемелерді аралап шықты.
Қайтарылған қаржы қандай бағытқа жұмсалады?
Қайтарылған мүліктер қатарына бизнес-орталықтар, әкімшілік ғимараттар, коммерциялық нысандар, тұрғын үйлер, пәтерлер, аяқталмаған құрылыс объектілері, жер телімдері, қымбат автокөліктер мен қомақты ақшалай қаражат бар. Бұл активтер білім беру мен ғылым, әлеуметтік және мәдени салаларды дамытуға бағытталған.
Қайтарылған нысандардың бірқатары бүгінде нақты мекеме балансына беріліп, халық игілігіне қолданысқа енген. Олар мыналар:
- Алматы қаласында орналасқан «Алматы дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды қолдау орталығы бүгінде жаңа ғимаратқа ие болды.
- География және су қауіпсіздігі институтына Maisat бизнес-орталығы берілді.
- Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті құны 7,9 млрд теңгеден асатын Kaisar Towers кешенін қолданып отыр.
- Сондай-ақ, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы да құны 800 млн теңгеден асатын ғимаратты игілігіне жаратып жатыр.
Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің превенция басқармасы басшысы тың айтуынша, қайтарылған қаражат ең алдымен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталады.

Бүгінде 61 мектеп салынып бітті. 2025 жылдың соңына дейін тағы 28 жаңа мектеп салу жоспарда бар. Бұл – тікелей қайтарылған қаражаттың нәтижесі, – дейді превенция басқармасы басшысы Қанат Сәлімбаев.

Қайтарылған нысандар қатарында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті де бар. Университетке Kaisar Towers кешені берілген.
Осы орайда оқу орнының академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Қымбат Балажанованың айтуынша, жаңа ғимаратты университет құрамына беру студенттерді оқытатын корпустарды кеңейтуге сеп болып отыр.
2024 жылғы маусым айында Қазақ ұлттық қыздар университетінің құрамына жаңа оқу ғимараты қосылды. Бұл – 1986 жылдан бері алғаш рет пайдалануға берілген жаңа корпус. Өздеріңіз білетіндей, университетімізде білім алушылар саны жыл сайын артып келеді. Контингент көбейгендіктен, оқу кеңістігінің тапшылығы сезіле бастады. Жаңа ғимарат осы мәселені шешуге айтарлықтай сеп болды, – дейді оқу орнының академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Қымбат Балажанова.
Бүгінде университетте шамамен 12 мыңға жуық студент білім алып жатыр. Соның төрт мыңға жуығы дәл осы жаңа ғимаратта оқиды. Бұл — жалпы ауданы 12 мың шаршы метрден асатын тоғыз қабатты ғимарат. Оның бес қабаты толық пайдалануға берілген. Қалған қабаттарды жаңа оқу жылында іске қосу жоспарланып отыр.
Жыл бойы істейтін балалар лагері
«Алматы дарыны» орталығы директорының орынбасары Майра Белдібаеваның айтуынша, орталыққа берілген ғимарат 2023 жылғы желтоқсанда әкімнің қаулысы негізінде ресми түрде мекеменің балансына өткен.

Бұл нысан — жыл бойы істейтін балалар лагері. Алматы қаласының оқушыларын ғана емес, республиканың түкпір-түкпіріндегі ауыл балаларына да арналған. Сонымен қатар олимпиада, ғылыми және шығармашылық байқау қатысушылары да біздің оқу-жиындарымызға қатыса алады. Қазір ғимарат көгалдандырвлвп жатыр, алдағы уақытта толық жөндеуден өтіп, жоспар бойынша іске қосамыз, – дейді ол.
География және су қауіпсіздігі институтына 2024 жылғы тамыз айында жемқорлардан қайтарылған Maisat бизнес-орталығы берілді. Институт ұжымы бұл жаңалықты ерекше қуанышпен қабылдаған.

«География және су қауіпсіздігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Саят Әлімқұловтың айтуынша, бұрынғы ғимарат тар, небәрі 50–60 адамға ғана арналған еді. Ғалымдар мен қызметкерлер бір кабинетте 10-12 адамнан отырып жұмыс істеуге мәжбүр болған.
Мұндай жағдайда ғылыми ортада еркін ой айту, сапалы зерттеу жүргізу мүмкіндігі шектелетін. Ал жаңа кеңсе кең әрі заманауи талаптарға сай. Бұл – жайлы жұмыс орны ғана емес, ғылыммен айналысуға қолайлы орта. Жас зерттеушілер мен ғылыми кадрлар үшін бұл серпін берер жаңа тыныс болары анық.
Мұндай қолдау еліміздің ғылыми әлеуетін арттыруда ерекше рөл атқарады, — дейді Саят Әлімқұлов.
Сондай-ақ, агенттік Темірбек Жүргенов атындағы «Қазақ ұлттық өнер академиясы» РММ теңгеріміне құны 800 млн теңгеден асатын әкімшілік ғимарат берілгенін жеткізді.
Шетелден қандай активтер қайтарылды?
Жемқорлардан тәркіленген активтер Қазақстан ішінде ғана емес, шетелден де қайтарылып жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік мәліметіне қарағанда, қазіргі уақытқа дейін:
- Австриядан 82,1 млн АҚШ доллары (36,8 млрд теңге);
- Лихтенштейннен 260,5 млн доллар (116,7 млрд теңге);
- БАӘ-ден 14 млн доллар (6,3 млрд теңге);
- Түркиядан 13,92 млн доллар (6,5 млрд теңге) болып, жалпы көлемі 670,5 млн АҚШ долларынан (297,5 млрд теңге) астам қаражат елге қайтарылған.
Ділназ Дидарқызы