Басты бетЖаңалықтарБиыл 5,5 мыңға жуық этникалық қазақ қандас статусын алды

Биыл 5,5 мыңға жуық этникалық қазақ қандас статусын алды

2025 жылда 5 496 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлап отыр.

Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 153 мың этникалық қазақ оралды.

Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың 45,8%-ы — Қытайдан, 41,2%-ы — Өзбекстаннан, 5,5%-ы — Түрікменстаннан, 2,6%-ы — Монғолиядан 2,4%-ы — Ресейден және 2,5 басқа елдерден.

Ведомство мәліметінше, осы жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 60,1%, еңбекке қабілетті жастан кіші 31% және зейнеткерлер 8,9% болды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17%-ы жоғары білімді, 27,4%-ы орта кәсіби білімді, 53,2%-ы жалпы орта білімді, және 2,4% білім жоқ.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Сонымен бірге қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Қоныстандыру өңірлерінде 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адам болды. 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 917 қандас қоныс аударды.

Жыл басынан бері 340 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 163 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,56 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді, — делінген хабарламада.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да