Басты бетБастыСахна сахабасы...

Сахна сахабасы Асанәлі Әшімов — 80 жаста

Асанәлі Әшімов 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Саудакент ауылында дүниеге келді. Ол кеңестік және қазақстандық кино және театр актері, режиссер, театр педагогы, профессор.

Асанәлі Әшімовтің зайыбы Бағдат және ұлы - кішкентай Асанәлі.
Асанәлі Әшімовтің зайыбы Бағдат және ұлы — кішкентай Асанәлі

Асанәлі Әшімов 1956 — 1961 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетін актер мамандығы бойынша бітірген. 1961 жылдан Қазақфильм киностудиясына актерлік штатқа қабылданады. 1964 жылдан Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамында жұмыс жасап келеді.

Асанәлі Әшімов

Асанәлі Әшімов Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сахнасында М. Әуезовтің «Абайында» Керім, «Еңлік-Кебегінде» Кебек, «Қара қыпшақ Қобыландысында» Айшуақ, «Таңғы жаңғырығында» Жарасбай, Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Қодар, Қ. Мұхамеджанов, Ш. Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Иосиф Татаевич, Шекспирдің «Юлий Цезарінде» Юлий Цезарь, М. Фриштің «Дон Жуанның думанында» Дон Жуан, Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Еламан, И. Вовнянконың «Апатында» бас кейіпкер, тағы да басқа көптеген қойылымда көрнекті актердің айшықты өнегесі мен өрнекті ізі жатыр. Ал, А. Әшімовтің қара шаңырақ сахнасындағы соңғы күрделі жұмысы Г. Гауптманның «Ымырттағы махаббат» драмасындағы доктор Клаузен. және т.б көптеген бейнелерді сомдаған.

Асанәлі Әшімов

Асанәлі Әшімов — қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген актерлердің бірі болып есептеледі. Оның кинодағы Бекежан (“Қыз Жібек”, 1971), Шадияров (“Атаманның ақыры”, 1971, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының, 1972), Мәмбет (“Сарқырама”, 1973), Қасымханов (“Транссібір экспресі”, 1977, бүкілодақтық 11-кинофестивальдің жүлдесі, 1978), Кемел (“Нан дәмі”), Нұрғазы (“Алатаудың ай мүйізі”), Қаражал (“Жаушы”, 1980), Шыңғыс хан (“Бұлғар даласынан ескен жылы жел”, 1998) рөлдері нағыз актерлік шеберліктің үлгісі іспетті. Әшімов режиссер ретінде кең танылды. Ол сахналаған Н. Гогольдің “Ревизор” (1979, өзі Дуанбасының рөлін ойнады), Ғ.Мүсіреповтың “Амангелді”, И. Оразбаевтің “Мен ішпеген у бар ма?!” (екеуі де 1987), С. Ванустың “Сұлтан болсам егер мен” (1988), жылы Ж. Аймауытовтың “Ақбілек” (1989) спектакльдері мен ол түсірген “Жылан жылы” (1981, Цой Гук Инмен бірге; 1982 жылы Таллинде өткен бүкілодақтық 15-кинофестивальдің дипломына ие болды), “Шоқан Уәлиханов” (1984; 4 сериялы телефильм, өзі Шыңғыстың рөлін ойнады), “Қозы Көрпеш — Баян Сұлу” (1995) фильмдер Әшімовтің режиссерлік шығармашылығының да кең ауқымын көрсетеді. Әшімов өнеріне арналған “Асанәлі” деректі фильмі (1986, реж. И. А. Вовнянко) түсірілді.

Асанәлі Әшімов

Марапаттары

Асанәлі Әшімовтің «Майраның әні», «Жан бөлек», «Алаштың Асанәлісі», «Менің жанрым – күнделік», «Ғұмыр-дария» атты кітаптары бар. Асанәлі Әшімов 1973 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, 1974 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, 1976 жылы Қазақ КСР халық артисі, 1980 жылы КСРО халық артисі, КСРОның «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Сондай-ақ, 2000 жылы «Платинды Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, 2001 жылы еліміздің ең жоғарғы мемлекеттік марапаты Отан орденімен, 2003 жылы ең алғашқы «Шәкен жұлдыздары» фистивальінің лауреаты, 2007 жылы Парасат ордені және Құрмет орденімен, 2008 жылы «Астанаға 10 жыл» медалін иеленген. 2012 жылы ҚР Мәдениет министрлігінің «Қазақстан Мәдениет саласының Үздігі» төсбелгісін және  2014 жылы Қазақ театры мен кино өнеріндегі ерен еңбектері үшін еліміздің жоғарығы мемлекеттік марапаты І дәрежедегі Достық орденімен елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі марапаттаған. Бұдан бөлек 2016 жылы «Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл» медаліне ие болып, ҚР тұңғыш президенттік степендиясының бірнеше мәрте иегері атанған.