Қ.Сәтпаев атындағы каналдың сорғы станцияларына бес жаңа трансформатор жеткізілді. Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлап отыр.
Жаңа трансформаторларды құрастыру және іске қосу жұмыстары 2025 жылдың соңына дейін аяқталады. Сонымен қатар жыл соңына дейін каналға тағы үш трансформатор жеткізіледі.
2026 жылдың соңына дейін Қ.Сәтпаев атындағы канал жалпы саны 17 жаңа трансформатор алады. Сонымен қатар нысандағы 19 сорғы қондырғысы ауыстырылады.
Каналдың су ресурстарына сұраныстың артуына байланысты министрлік оны реконструкциялау жұмыстарын бастады. Нәтижесінде елді мекендер мен өндірістік кәсіпорындарды сумен жабдықтау сапасы жақсарып, нысанның ұзақ мерзімді әрі қауіпсіз пайдаланылуы қамтамасыз етіледі, — деді су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.
Сәтпаев атындағы канал Қарағанды мен Павлодар облыстарын және Астана қаласын ауызсумен қамтамасыз етеді. Канал суын сонымен қатар осы өңірлердегі өнеркәсіптік нысандар мен шаруа қожалықтары да пайдаланады. Нысанның жалпы ұзындығы — 458 км.