Басты бет Жаңалықтар Президент «Қауіпсіз қала» ұлттық платформасын іске қосуды ұсынды

Президент «Қауіпсіз қала» ұлттық платформасын іске қосуды ұсынды

Фото: Ақорда
Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысып жатыр. Президент «Қауіпсіз қала» ұлттық платформасын іске қосуды ұсынды.

Президент қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласына цифрлық технологиялар мен басқа да озық шешімдерді енгізуді жалғастыру керек екенін айтты. Мұнда салалық министрлік негізгі рөл атқаратынын айтып, жұмыс үдерісін барынша цифрландыруды тапсырды.

Мысалы, қазір елімізде іске қосылған «Заң мен тәртіп» платформасын Электронды үкімет пен танымал банк қолданбалары арқылы қолдануға болады. Осы цифрлық платформа арқасында азаматтарымыз полицияға тікелей және жедел хабарлама жолдай алады, — деді Тоқаев.

Президент осылай, кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеу» қағидатын іс жүзінде жүзеге асыруға ықпал ететінін айтты.

Ақтөбе облысына сапарлағанда Жедел басқару орталығында болдым. Орталықта жасанды интеллект арқылы қаладағы ахуал тәулік бойы бейне арқылы бақыланады. Полиция қызметінің тиімділігін арттыратын осындай орталықтарды еліміздің барлық қаласы мен ауданында ашу қажет, — деді президент.

Ол әкімдер бұл жұмысқа белсенді түрде кірісуге тиіс екенін айтты.

Бұдан бөлек «Қауіпсіз қала» ұлттық платформасын іске қосу керек. Бұл – қаладағы бейнебақылау құралдары енді адамның бет-жүзін танып, оның жүріс-тұрысына талдау жасап, көшедегі көлікті де есепке алады деген сөз. Мұндай озық технологиялар түрлі заңсыздықтың алдын алуға мүмкіндік береді, сол арқылы қоғамдық тәртіпті нығайта түседі, — деді Тоқаев.

Президент Конституцияның 30 жылдығына орай, 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланып, соның 2000-ы бостандыққа шығатынын айтқан еді.

Exit mobile version