Қызына видеода «арақ» ішкізіп отырған әке «Ойнап іштік» дейді

Сөйтіп, бұл оқиға мүлде басқа бағыт алды. Полицияға өзі келген отағасы осы видеоны Интернетте жариялаған қолданушының үстінен шағым түсірді.

«Астана қаласының 34 жасар тұрғыны үйде балаларымен әзіл үшін видеоролик түсіргенін айтты. Арақтан босаған шөлмекке «Сарыағаш» минералды суын құйып, қыздарына рюмкаға құйып ішкізген. Видеоролик тек қалжың үшін, 10 жасар үлкен қызының көңілін көтеру мақсатымен түсірілген екен», — деп түсіндірді полиция қызметкерлері.

Видеожазбаның бас кейіпкері полицияға өзі келіп, үйде түсірілген видеоны интернетке рұқсатсыз салған белгісіз тұлғаға қатысты шара қолдануын өтініп, шағым түсірген. Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 211 «Қолжетімділігі шектеулі электрондық ақпараттық ресурстарды құқыққа сыйымсыз тарату» бабы бойынша сот-тергеу жұмыстары басталды.

Сонымен қатар, кәмелет жасына толмаған балалардың алкоголь ішімдік тұтыну фактін анықтау мақсатында экспертиза тағайындалды. Бұл факт Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде ҚР Қылмыстық кодексінің 132 «Кәмелетке толмаған адамды қоғамға қарсы iс-әрекеттер жасауға тарту» бабы бойынша тіркелді.