Мемлекеттік қызмет – ел мүддесіне адал қызмет ету мен халық сенімін ақтаудың жарқын үлгісі. Бұл салада жұмыс істеу – үлкен жауапкершілікпен қатар, жоғары талапты да жүктейді. Себебі әрбір мемлекеттік қызметші – мемлекеттің айнасы, халық пен билік арасындағы алтын көпір.
Мемлекеттік қызметтің басты құндылығы – әділдік, адалдық, кәсібилік пен жауапкершілік. Мемлекеттік қызметші әрбір қабылдаған шешімінде елдің заңына, ұлттың мүддесіне және халықтың аманатына сүйенуі тиіс. Бұл қызмет – жеке бастың емес, көпшіліктің игілігі жолындағы еңбек.
Қазіргі таңда мемлекеттік аппарат кәсіби және заманауи басқару жүйесіне көшіп келеді. Цифрлық трансформация, ашықтық, сапалы мемлекеттік қызмет көрсету – осының барлығы мемлекеттік қызметтің жаңа талаптарын көрсетеді.
Мемлекеттік қызметкер – ел дамуының қозғаушы күші. Сондықтан бұл қызметте жүріп, елге шын ниетімен еңбек ету – ең үлкен абырой мен азаматтық парыз. Бүгінде ауданымызда бұл салада абыройлы қызмет етіп жүрген азаматтар көп. Алайда 1992 жылдан мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп, елге адал қызмет еткен Қайрат Ғарифоллаұлы Салаватовтың орыны бір бөлек.

Салаватов Қайрат Ғарифоллаұлы 1983-1989 жылдары Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында оқып, зоотехния мамандығы бойынша жоғары кәсіби білім алып шықты. Еңбек жолын 1979-1980 жылдары Казталов ауданында ХХІV парт съезд атындағы совхозда автокөлік жүргізушісі қызметінен бастады. 1983 жылы Ақтөбе облысы Кенкияк мұнай экспедициясының бұрғышының көмекшісі болып қызмет етті. 1989-1991 жылдары Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы XXIV партсъезд атындағы совхозының мал маманы, 1991-1992 жылдары Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы XXIV партсъезд атындағы совхозының дайындау зоотехнигі, 1992-1998 жылдары Батыс Қазақстан облысы Казталов аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы, 1998-2005 жылдары Батыс Қазақстан облысы Казталов аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мал шаруашылығы бағытындағы бас маманы, 2005-2006 жылдары Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мал шаруашылығы бағытындағы бас маман, 2006-2008 жылдары Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы, 20008-2009 жылдары Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданының статистикасы бөлімінің бастығы, 2009-2011 жылдары Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы, 2011-2013 жылдары Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданының кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринарлық бөлімінің бас маманы, 2013-2015 жылдары Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданының ауыл шаруашылығы және ветеринарлық бөлімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі бас маманы, 2015-2021 жылдары Батыс Қазақстан облысы Казталов аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы, 2021 жылдың желтоқсан айынан бастап Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі қызметін атқарып келеді.
Қайрат Ғарифоллаұлы аудандағы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне елеулі үлес қосып, көпшіліктің құрметіне бөленіп келеді.
Ауыл шаруашылық саласында 33 жылдан астам үзбей табысты жұмыс жасап келеді. Жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану арқылы ауыл тұрғындары арасында жұмыссыздықты азайту, халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында «Сыбаға» несиелік бағдарламасы аясында мүйізді ірі қара малын бағумен және қой малын бағумен айналысатын ауылшаруашылық өндірістік кооперативтер құрылды, кооперативтерді құру мақсатында бағдарламалармен таныстыру жұмыстарын әліде жүргізуде.

Казталов ауданы облысымыздағы асыл тұқымды мал шаруашылығы бойынша аса бағалы тектік тұқымдық қоры бар, етті бағыттағы «Қазақтың ақбас», «Абердин ангус» және «Герефорд» тұқымды ірі қара, етті-майлы бағыттағы «Еділбай» тұқымды қой, «Көшім» тұқымды жылқысы бар ірі аграрлы өңірлердің бірі. Малдарды асылдандыру бағытында шаруашылықтар арасында үгіт насихат жүргізіліп, күні бүгінге асыл тұқымды ірі қара малын өсірумен 86 шаруашылық, асыл тұқымды қой малын өсірумен 25 шаруашылық, асыл тұқымды жылқы малын өсірумен 4 шаруашылық айналысып қол жеткізіп отыр. Бұл бағытта жұмыстар әліде жалғастырылуда.
Шаңырағында жары екеуі 1 ұл мен 1 қыз тәрбиелеп өсірді. 3 немере мен 2 жиен өсіп жетілуде.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жолында атқарған жұмыстарымен көзге көрінерліктей еңбегі сіңіп, міндетін мінсіз атқарып келеді. Қайрат Ғарифоллаұлы ауданның ырысты ынтымағы мен берекелі де баянды бірлігінің көкжиегін кеңейту және өңіріміздің дамыту жолындағы еңбегі мен қосқан үлесі арқасында елдің алғысын алып келе жатырған тәжірибелі маман. Кейінгі буынға ақылман аға ретінде үлгі-өнеге көрсетіп келе жатырған жан.
Асылбек Нәсіпқали