Басты бетЖаңалықтарҚазақстан ауылдарға интернет тарту үшін халықаралық банктен қарыз алады

Қазақстан ауылдарға интернет тарту үшін халықаралық банктен қарыз алады

Парламент мәжілісі «Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады.

Келісім аясында Халықаралық Қайта құру және даму банкінің қарызы Қазақстанға 2028 жылғы 15 сәуірге дейінгі жеңілдік берілетін кезеңді қоса алғанда, 13 083 100 000 жапон иен сомасында несие береді.

Келісімнің мақсаты – телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, яғни ауылдарда интернет желісін үй шаруашылықтарына дейін жеткізу. Сонымен қатар жеке инвестицияларды тарту және байланыс саласындағы шағын және орта операторларға қолдау көрсету. Жоба 2025–2027 жылдар аралығында үш жыл ішінде жүзеге асады. Осы кезеңде 1123 ауыл қамтылады. Бұл – шамамен 2,3 миллион азамат немесе 500 мыңнан астам үй шаруашылығы, — дейді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәжілістің жалпы отырысында.

Министрдің айтуынша, жалпы инвестиция көлемі шамамен 84 млрд теңге болды. Жоба аясында мемлекет капиталды шығындардың 50%-ке дейінгі бөлігін субсидиялайды.

Цифрлық даму министрлігінің ақпаратынша:

  • 42 млрд теңге (50%) – жеке байланыс операторларының өз қаржысынан;
  • 42 млрд теңге (50%) – Дүниежүзілік банктің несиесі арқылы қаржыланады.

Ал халықаралық банктен алынатын несиенің шарттары мынадай:

  • бір реттік комиссия – 0,25%;
    пайыздық мөлшерлеме – жылына шамамен 0,9%;
  • төлемдер жылына екі рет — 15 сәуір және 15 қазан жүргізіледі;
  • қарыз алушының өкілі – Қазақстанның қаржы министрлігі.

Жоба конкурсына кемінде 350 жеке абоненті бар және қаржылық тұрақтылығы дәлелденген операторлар қатыса алады. Сонымен қатар бір кіші жобаға берілетін субсидияның ең жоғары мөлшері 250 млн теңгеге дейін болады. Осы жобаны іске асыру оң әлеуметтік-экономикалық әсер береді, ауылдағы шағын және орта бизнесті дамытады, бюджетке қосымша салық түсімдерін (2 млрд теңгеден астам) қамтамасыз етіп, 800-ден астам уақытша және 200-ден астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, — деп атап өтті Жаслан Мәдиев.

Мәжіліс депутаттары заңды қолдап дауыс берді.