Алматыда Қазақстан халқы ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің «Адал азамат — ұлт келбеті» деген V республикалық форум аясында пленарлық отырыс өтті. Отырыста әр облыстағы кеңес төрағасы түрлі проблема көтеріп, ұсыныс тастады.
Пленар отырысқа ҚХА төрағасы Марат Әзілханов, Алматы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков қатысты. Іс-шараны Алматыдағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Болат Оспанов жүргізді.
ҚХА аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаи ақсақалдар кеңесімен әлеуметтік кеселдерге қарсы күресу үшін ынтымақты болуға шақырды.
Жамбыл облысындағы аналар кеңесі бастаған «Қолыңда барды бағала» деген жобаны бірге жүргізуге шақырамын. Бұл жоба вандализмге қарсы тұрып, отанына адал азамат тәрбиелеуді үндейді. Одан кейін отбасына адал азамат бағыты бойынша, тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы жұмыс жүргізуге болады. Бұл үшін отбасы институты мәртебесін түсіндіру, отбасы құндылығын қалыптастыру және отбасындағы субординацияны ұлттық протоколға сай жүргізу сияқты жұмыстарын бірге атқарайық, — деді Нәзипа Шанаи.

Оның айтуынша, ақсақалдар кеңесі отбасына адал азамат бағыты бойынша «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Әкем үйерткен», «Әкеме хат» жобалары арқылы және «Алтын шырақ», «Күміс кереге», «Азамат тәрбиелеген отбасы» номинациялары арқылы қолдай алады.
Тағы бір мәселе — ысырап. Ысырапқа қарсы тұра алатын адамды парасатты деуге болады. Парасатты адам — прагматикалық азамат. Ол «ұнату, ұнау» ұғымдарымен емес, «пайдалы, пайдасыз» деген түсінікті басшылыққа алады. Прагматикалық адам артық нәрседен алдын ала бас тарта алады. Олай болса, өзіміз үлгі болуымыз керек. Әсіресе, той-тоамалқ, жиынға келгенде ысырапты азайту керек. Шымкентте осы тақырыпқа арналған республикалық іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз, — деді аналар кеңесінің төрайымы.
ҚХА төрағасы Марат Әзілханов Нәзипа ханымның ұсынысын қолдады.

Аналар кеңесі мен ақсақалдар кеңесін ұштастыруды қолдау керек деп ойлаймын. Өйткені жұмыс бабы бір. Балаға бағыт бергенде қай жолмен жүру керек екенін біз нұсқаймыз. Адал азаматты тәрбиелеу — екі кеңесті де біріктіретін фактор. Азамат тәрбиелеу құндылықты құрметтеуден басталады. Оның ішіне тәуелсіздікке, мемлекеттік белгілерге және мемлекеттік тілге, ортақ тарихымыз бен мәдениетімізге деген құрмет бар, — деді Марат Әзілханов.
Отырыста Ақмола облысындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов сөз сөйледі. Бүгінде облыста 21 аудандық және 20 ауылдық Ақсақалдар кеңесі бар. Олардың құрамында бас-аяғы 170 адам жұмыс істейді.
Ермек Нұғымановтың айтуынша, кеңестің бас мақсаты — жас ұрпақ бойында адалдық, парасаттық, әділдік және азаматтық жауапкершілік қасиетін қалыптастыру.
Осы мақсат үшін іске асып жатқан ірі жобалардың бірі — «Адал азамат». Жоба аясында колледждер мен жоғары оқу орындарында «Ерлік сабақтары» және «Адалдық сағаттары» тұрақты өтіп келеді. Бұл жоба аясында Зеренді ауданындағы Қонысбай ауылының Ақсақалдар кеңесі мен Билер кеңесінің бастмасаын айтып өту керек. Қазір Қонысбай ауылында алкоголь өнімдерін сатуға және ішуге толық тыйым салынды. Бұл бастаманы ауыл құрғындары қолдап, бастама салауатты өмір салтын ұстану, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау бағытында үлкен қадамға айналды, — деді Ермек Нұғыманов.
Ол отырыста бірнеше жоба бойынша ұсыныс айтты. Ақмола облысындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы «Адал азамат» жобасы бойынша ауылдар мен аудандарда құқықтық сауат курстарын өткізуді, «Салауатты сана бес кеселге қарсы» жобасы бойынша, ауылдарда бұқаралық спорт іс-шарасын көбейтуді, «Кемелдік пен креатив» жобасы бойынша, ұрпақ сабақтастығын нығайтатын жаңа подкаст сериясын әзірлеуді және «Еңек күші — халық бірлігі» жобасы бойынша, еңбек адамы тралы бейнеролик пен арнайы подкаст әзірлеуді ұсынды.

Отырыс соңында Қазақстан халқы ассамблеясының алғыс хаты табысталды.