Басты бетЖаңалықтар16 млн адамның жеке деректері тарап кетті: министрлік мәлімдеме жасады

16 млн адамның жеке деректері тарап кетті: министрлік мәлімдеме жасады

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 16,3 миллион адамның жеке деректерінің таралуына қатысты мәлімдеме жасады.

Қазіргі кезде ақпараттық қауіпсіздік комитеті құқық қорғау және арнайы органдармен бірге сол мәліметтердің шынайылығы мен өзектігін тексеруге кірісті.

Алғашқы талдау бұл деректердің мемлекеттік емес, жекеменшік ақпараттық жүйелерден алынуы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Бүгінгі таңда мемлекеттік ақпараттық жүйелерден дербес деректердің таралуы немесе хакерлік шабуылдар нәтижесінде бұзылуы тіркелген жоқ, — делінген хабарламада.

Ал адамның дербес деректері желіде тарап кеткен мәліметтер арасында болса, оған электрондық үкімет порталы арқылы жеке кабинетіне хабарлама жолданады.

Министрлік жағдайды жіті бақылауда ұстап отыр. Қосымша ақпарат тексеру нәтижелері бойынша жарияланады.