Басты бетЖаңалықтарҚазақстан азаматы Түрікменстанға қыдырып барамын деп айыппұл арқалады

Қазақстан азаматы Түрікменстанға қыдырып барамын деп айыппұл арқалады

Маңғыстау облысында 2024 жылғы қазан айында Қазақстан азаматы заңсыз түрде бекітілген өткізу пунктінен тыс екі қабат қоршалған темір қоршау арқылы шекараны кесіп өткен.

Бұл оқиға бойынша іс Қарақия аудандық сотында қаралды.

2025 жылғы 14 маусымдағы айыптау актісі бойынша, айыпталушы өзінің кінәсін толық мойындады. Сотқа дейінгі тергеу барысында берген мойындау жауаптары, тергеу әрекеттерінің хаттамалары және іс материалдары арқылы кінәсі дәлелденді.

Прокурор соттан айыпталушыға бір жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жазасын бас бостандығынан айырусыз тағайындауды өтінді. Ол шекараны заңсыз кесуінің себебін Түрікменстанның бірнеше қаласын аралау үшін жасалған саяхат екенін түсіндірді.

Сот айыпталушының кінәсін мойындауы мен шын жүректен өкінуін жеңілдетуші жайт ретінде қарастырып, Қазақстан қылмыстық кодексінің 392-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Оның орнына 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 738 400 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.