Басты бетЖаңалықтарАтырау тұрғыны желіде әдепсіз сөздер жазғаны үшін жауапқа тартылды

Атырау тұрғыны желіде әдепсіз сөздер жазғаны үшін жауапқа тартылды

Атырау тұрғыны 2025 жылғы 12 маусымда Instagram желісіндегі жеке парақшасында орынсыз, әдепсіз сөздер жазғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды.

Бұл туралы облыстық сот хабарлап отыр.

Ол 15 тәулікке қамауға алынды.

Атырау облысының әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша мамандандырылған соты ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлімі («Ұсақ бұзақылық») бойынша істі қарады.

Соттың ресми Facebook-парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, азаматтың әрекеті қоршаған ортаға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Айыпталушының кінәсін мойындауы мен өкінуі сот тарапынан жеңілдетуші жайт ретінде қабылданып, әкімшілік жаза түрі ретінде 15 тәулікке әкімшілік қамау тағайындалды.

Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 434-бабының 1-бөлігі бойынша қоғамдық орындарда әдепсіз сөз айту, жеке тұлғаларды қорлау және тәртіпті бұзатын басқа әрекеттер 20 айлық есептік көрсеткіш (78 640 теңге) көлемінде айыппұл салуды немесе 5-тен 15 тәулікке дейінгі әкімшілік қамауды көздейді.