Түркістан облысының Созақ ауданына Шу өзені арқылы 1,5 миллиард текше метрден астам су жіберілді.
Бұл туралы су ресурстары және ирригациясы министрлігі хабарлап отыр.
Су Жамбыл облысындағы Тасөткел су қоймасынан жіберілді. Бұл жұмыс табиғатты қорғау мақсатындағы су жіберу шаралары аясында былтыр қыркүйектен басталып, биыл сәуірдің соңына дейін жүргізілді.
Су Созақ ауданына ақпан айында жетті. Қажет көлемді қамтамасыз ету үшін су ресурстары және ирригация министрлігі Қырғыз Республикасындағы әріптестерімен бірнеше келіссөз жүргізді. Мұндай көлемдегі су Созақ ауданына кейінгі бес жылда алғаш рет жетіп отыр.
Аудан халқы атынан судың жеткізіліп жатқанына қуанышты екенімізді айтқым келеді. Аптап ыстыққа қарамастан, суды жеткізу бағытындағы жұмысты жалғастырып, өздеріңіз жергілікті жерлерге шығып, жағдайды бақылап отырғандарыңызға алғыс айтамыз, – деді Созақ ауданының тұрғыны Ришат Таңатов.
Биыл сонымен қатар ведомство Шу өзенінен су Созақ ауданына жіберілетін Фурманов айналма каналын тазартуды жоспарлап отыр.