Басты бет Редакция таңдауы Талғарда заң және тәртіп пәні енеді. Бұл балаларға қалай әсер етеді?

Талғарда заң және тәртіп пәні енеді. Бұл балаларға қалай әсер етеді?

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов
Жаңа оқу жылынан бастап Талғар ауданындағы 10 мектеп пен үш колледжге заң және тәртіп сабағы енеді. Бұл президенттің «Заң және тәртіп» бастамасын іске асыру аясында қабылданған шешім дейді. Мұндай сабақ неге тек Талғар ауданына еніп отыр? Бұл балаларға қалай әсер етуі мүмкін? Сабақты кім оқытады? Baribar тілшісі Алматы облысы білім басқармасының Талғар ауданы бойынша білім бөлімі басшысы Айнагүл Үшкемпіровамен, Талғар ауданы прокуратурасының аға прокуроры Диас Сұлтанмен және психолог Гүлжан Қалиқызымен әңгімелесті.

Заң және тәртіп сабағы лекция түрінде өтеді

Талғар ауданы бойынша білім бөлімі басшысы Айнагүл Үшкемпіровамен Талғар ауданындағы үш тілде оқытатын №29 орта мектепте кездесіп, әңгімелестік. Білім бөлімі басшысының айтуынша, ауданда әуелі «Заң және тәртіп» деген науқан басталған. Ал мектеп пен колледждерде осындай пән енгізу — бас прокуратураның ұсынысы, оқу-ағарту министрлігімен бірге жасаған пилот жоба. Жоба жоғарыдағы науқан аясында жүзеге асқалы отыр.

Қазір аудандағы 42 мектепте 54 мыңға жуық оқушы бар. Соның 10 мектебіндегі 7-10-класс оқушылары 2025-2026 жылғы оқу жылынан бастап жаңа сабақ оқиды.

Айнагүл Үшкемпірова
Айнагүл Үшкемпірова. Фото: Нұрназар Әмзе

Мақсат — оқушылар арасындағы құқық сауаты мен құқық мәдениетін дамыту. Негізі, мектепте 9-кластан бастап құқықты оқытатын адам және қоғам деген пән бар. Әр мектепте құқықтық кеңес те бар. Сонымен қатар Талғар ауданындағы мектептерге 2021 жылдан бері құқықтық менеджер штаты енген. Қазір біз отырған мектепте де (№29 мектеп — ред.) осындай қызметкер бар. Бұл штатта жасөспірімдермен жұмыс істеген полиция қызметкері болып істеп, кейін зейнетке шыққан азаматтар істейді. Талғар ауданында алты мектеп орыс, қазақ және ұйғыр тілінде — үш тілде оқытады. Құқықтық менеджер ұлтаралық араздық тудырмау, құқық бұзудың алдын алу және жасөспірімдер арасында құқық сауатын дамыту сияқты іс атқарады, — дейді Айнагүл Үшкемпірова.

Бұл штат Алматы облысынан қазіргі Жетісу облысы бөлінбей тұрған кезде енген. Демек, мектептегі мұндай штат Алматы және Жетісу облыстарында ғана үш тілде оқытатын мектептерде бар.

Заң және құқық сабағы не үшін Талғар ауданына ғана енеді?

Заң және тәртіп сабағын енгізу туралы ұсыныс 2025 жылғы сәуір айында басталған.

Бас прокурордың ұсынысын бірінші қай аудан қолдаса, пилот жоба сол жерде жүзеге асады. Біздің ауданның прокуратурасы ұсынысты қолдаған, — дейді Айнагүл Үшкемпірова.

Бұл практикалық пән болмайды, лекция түрінде өтеді. Лекцияны бұрын құқық қорғау органдарында істеп, зейнетке шыққан азаматтар береді. Ұзақтығы — 45 минут. Лекция сабақ кестесіне жазылады. Сабақ жоспарын лекторлардың өзі жасайды. Лекцияда Баланың құқықтарын қорғау, Еңбек, Әкімшілік және Қылмыстық кодекстердің ата-ана мен балаға қатысты тұсы айтылады.

Талғар ауданы прокуратурасының аға прокуроры Диас Сұлтанның айтуынша, 10 мектепке 10 қызметкер жіберіледі.

Бұл — ішкі істер министрлігінің, прокуратураның бұрынғы қызметкерлері. Олар Заң және тәртіп науқаны аясында мектептерде заң және тәртіп сабағынан лекция оқиды және сол мектептердің құқық жағынан жетекшісі болады. Олардың айлық ақысын бас прокуратура талқылап жатыр. Жоба бас прокуратураның тапсырмасымен тек Талғар ауданында басталды. Пилот жоба нәтижелі болса, республикаға тарайды, — деді Диас Сұлтан.

Айнагүл ханымнан пилот жобаның қаншалық нәтижелі болғанын қалай анықтайтынын сұрадық.

Айнагүл Үшкемпірова. Фото: Нұрназар Әмзе

Заң мен тәртіп сабағы бір жыл жүреді. Соңында сабақ енген мектепте құқық мүлдем бұзылмаса, ата-аналар мен мұғалімдер құқық сауатын арттыра алса, нәтижелі болды деп білеміз, — дейді Айнагүл Үшкемпірова.

Жасөспірімдер қылмысқа заң білмегеннен бара ма?

Балалар мен ересектер психологы Гүлжан Қалиқызы психоанализ жағынан қарастырса, Талғарда заң және тәріп сабағының енуі травмалық оқиғаға реакция ретінде қабылданған шара дейді. Оның айтуынша, осы сабақты оқитын балалардың ішінде «Неге біздің өңірде ғана болады?» деген ой пайда болып, бұл қауіп пен күдік туғызуы мүмкін. Дегенмен бұл — көзге көріне қоймайтын бейсаналы түрде болатын процесс.

Қазір педофилияға байланысты қылмысты көбіне Түркістан облысынан байқаймыз. Сонда адамдарда «бұл нәрсе тек сол өңірге тән» деген таптаурын ой тууы мүмкін. Талғар ауданына ғана еніп отырған бұл пән де «сол өңірдің балалары ғана бұзық» деген таптаурын пікір қалыптастыруы ғажап емес. Одан тереңірек үңілсек, бұл — қоғам «осындай оқиға болғанына (Шерзат Болаттың өлімін айтып отыр — ред.) кінәліміз, енді шара қолдану керек дегені. Демек, психика қайғы, қауіп, агрессия, белгісіздік деген сезімді өңдей алмайды. Ішкі қорқыныш сияқты сезіммен жұмыс істеудің орнына тәртіп орнату арқылы қауіпсіздік сезімін қалпына келтірмекші, — дейді Гүлжан Қалиқызы.

Гүлжан Қалиқызы. Фото жеке архивінен

Психологтан жасөспірімдердің девиантты мінез-құлқы (құқық немесе мораль нормаларын бұзу) туралы да сұрадық. Оның айтуынша, бұл ішкі эмоцияны түсінбеуден, реттей алмаудан, жанжалды шеше алмаудан, фрустрациямен (ойлағанына қол жетпегенде болатын жай-күй) жұмыс істеуге құштарлық төмендегеннен және ішкі бақылау жүйесінің әлсіздігінен болады. Сондықтан заң білмеу қылмыс жасаудың бас факторы емес.

Жасөспірім ашуын неге тежей алмайды?

Негізі, заң пайда болып, бойға сіңетін жер — отбасы. Қоғамға шыққанда қай жерде заң бұзуға болатын-болмайтыны үйде сіңіріледі. Жасөспірім ағзасында гормондар өзгеріп жатады, ішінде түрлі сұрақ пайда болады. Сол сұрақтарды шеше алмағаннан, әке-шешесі ашылып сөйлеспегеннен импульс көбейеді. Мысалы, бала ашуланды да, есікті тарс жауып, шығып кеттік делік. Мұндайда біздің еліміздегі ата-ана «баламның алдында беделім түсті» деп ойлап, баламен сөйлесудің немесе оған уақыт берудің орнына оған ұрысады не сөйлеспей қояды. Әйтеуір, бір жаза қолданады. Сөйтіп, ол баланың ашуы артады немесе тұйық болып кетеді. Сондықтан құқық отбасындағы психологиялық, этикалық тәрбие қатар жүрсе ғана тиімді болуы мүмкін, — дейді маман.

Гүлжан Қалиқызының айтуынша, жасөспірім миының маңдай бөлігі толық жетілмеген. Бұл бөлік шешім қабылдау, импульсті бақылау, тежеу сияқты жұмыс атқарады. Оған отбасы және қоғам көмектесуі керек.

Балаға «сабағыңды оқы, үй жина» деген сияқты міндетті айтамыз да, «ашуды былай ретте, мына сезімнің атауы мынадай» деген тақырыпты сөйлеспейміз. Сол тақырыпты сөйлессек, балаға эмоциялық өмірді реттеуге көмектесер едік. Баланың ашулы болуына қоғам мен отбасы моделі ықпал етеді. Отбасында агрессия көп болса, «мені ұрды, мен де көргенімді істеймін» деген түсінік қалыптасады. Болмаса, эмоция көрсетпейтін отбасылар болады. Ондағы балалардың ішінде ашу, негатив эмоциялар схемасы пайда болғанымен, оны қалай реттеу керегін білмей, ашу импульсивті түрде өз ағысымен шыға салады. Ашудың астарында «мені менсінбеді, мені әлсіз деп ойлады» деген сияқты ой жатады да, бала өзіне өзінің күшті екенін дәлелдегісі келеді. Сөйтіп, қылмыс жасауы мүмкін, — дейді психолог.

***

Эмоциялық қажу, апатия, депрессия: айырмасы қандай?

Exit mobile version